Zakon.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Президенттің айтуынша, әлемдегі тұрақсыздық көптеген елдердің экономикалық жоспарларын жүзеге асыруына кері әсерін тигізуі мүмкін.
"Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, халықаралық ұйымдардың болжамдары да алдағы кезеңнің оңай болмайтынын көрсетеді.
"Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін", – деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы мұндай жағдайда үрейге бой алдырмай, нақты экономикалық шараларға басымдық беру қажет екенін атап өтті.
"Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.