Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
The Times of Central Asia: Defect AI стартапы Stanford University бағдарламасына қабылданды
Astana Hub экожүйесінің қатысушысы Defect AI Стэнфорд университеті StartX акселерациялық бағдарламасының көктемгі легіне өтті. Бұл бағдарлама Кремний алқабындағы бәсекеге қабілетті жобалардың бірі саналады. Жоба туралы мәліметті The Times of Central Asia жариялады.
Компания медициналық ұйымдардағы құжаттаманы жауапты министрліктің талаптарына сәйкес жүргізуге көмектесетін интеллектуалды платформаны жасады. Жүйе жазбаларды бірнеше секунд ішінде талдайды және қолмен тексеру уақытын 95%-ға дейін қысқартады. Осылайша, дәрігерлерге қағазбастылықтан арылып, науқастарға көңіл бөлуге жол ашады.
Қазіргі таңда платформа ондаған миллион медициналық жазбаны тексерді. Өнімді Қазақстандағы 30-дан астам клиника қолданады, оның ішінде ірі желілер бар. Defect AI ISO 27001 стандарты бойынша сертификатталған және HIPAA талаптарына сәйкес келеді.
Қазақстандағы тәжірибе командаға денсаулық сақтау жүйесінің ішкі жұмысын терең түсінуге мүмкіндік берді. Алайда АҚШ нарығы мүлде басқа: әлемдегі ең үлкен медициналық жүйе – жылдық көлемі шамамен 5 трлн доллар, ал медициналық сақтандыру ұйымдарының саны Қазақстанмен салыстырғанда мың есе көп. 2025 жылдың соңында компания алғашқы инвестициялық раундты жапты. Қазір команда платформаны АҚШ нарығына бейімдеп, алғашқы американдық клиенттерді тіркеп жатыр. Келесі инвестициялық раундты биыл көктемнің ортасына жоспарлап отыр.
Команданың негізгі бөлігі Қазақстанда орналасқан. Сонымен қатар АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және Германияда қызмет ететін мамандар бар. Командада Meta, Google және Microsoft компанияларында тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді. Стэнфорд университетімен орнатылған байланыстар арқылы компания үздік профессорлармен тұрақты кеңесіп отырады.
Report: Ақпанда БТД арқылы мұнай тасымалы 8,5%-ға артты
Қазақстан 2026 жылғы ақпанда Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры (БТД) арқылы экспортқа 115 мың тонна мұнай жөнелткен. Ақпаратты Report таратты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры арқылы 1,2 млн тонна мұнай экспорттады. 2026 жылғы қаңтарда Қазақстаннан БТД арқылы 106 мың тонна мұнай жөнелтілген болатын.
Ал ақпан айында ҚазТрансОйл ұлттық компаниясының дерегінше, тасымал көлемі 8,5%-ға артқан. Биыл осы құбыр арқылы қазақстандық мұнай транзитін 1,6 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«2026 жылғы ақпанда Ақтау теңіз порты арқылы БТД мұнай құбыры бағытымен 115 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді», – делінген компания хабарламасында.
Айта кетейік, 3 наурызда Бакуде Оңтүстік газ дәлізі және "жасыл" энергетика мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған27-ден астам мемлекеттің энергетика ведомствалары мен 49 халықаралық компанияның өкілдері қатысқан. Басқосуда ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Оңтүстік газ дәлізінің әлеуетін, оффтейкерлер тарапынан сұранысты, Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры мұнай құбырының жүктемесін ұлғайту тақырыптарын көтерді.
Caspianpost: Дүниежүзілік банк ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады
Мәжіліс инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған келісімді мақұлдады. Оған Дүниежүзілік банк қаржысы тартылады. Бұл келісімге 2025 жылғы 18 маусымда Астанада қол қойылған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөзінше, келісім Дүниежүзілік банкімен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне, сондай-ақ елдегі жобаларды жедел жүзеге асыруға септеспек. Министр сөзін Caspianpost бөлісті.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Дүниежүзілік банк – әлемдегі ең беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Біздің елде ол 30 жылдан астам жұмыс істейді. Көлік, білім беру, экология, цифрландыру, қаржы салаларында 8 млрд доллардан астам сомаға 50 жоба іске асырылған болатын.
Вице-премьер мәліметінше, келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс басталады. Олар:
· «Жезқазған-Қарағанды» және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолдарын қайта жаңарту және салу;
· Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасын іске асыру;
· Қамбарата ГЭС-1-ді салу және басқа жобалар.
Дүниежүзілік банктің мемлекеттік кепілдікпен борыштарды іске асыру жөніндегі ережелері дамушы елдердің көпшілігінде қолданылады.
– Әдетте, мемлекеттік кепілдікпен берілетін борыштар ұзақ мерзімді (35 жылға дейін) жеңілдетілген қаржыландыру түрі. Олар мемлекеттік қарыздың ұлғаюына әкелмейді және ұлттық бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Осылайша, келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деді министр.
Еuronews: Анарбеков пен Қалмұрзаның серпінді жылы және Еуропада ойнау арманы
Өткен жылы UEFA Champions League тарихына енгеннен кейін қазақстандық қақпашылар Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмұрза маңызды сәттерді еске алды. Спортшылар Еuronews-ке Еуропаның үздік лигаларында ойнау жөніндегі арманын айтты.
Қақпашының әлеуеті туралы пікір білдірген сарапшылар Анарбековті жоғары бағалап отыр. Тіпті ол «Фенербахче» клубындағы Ирфан Джан Эгрибаятты алмастыра алатыны айтылуда. Егер Темірлен Анарбеков футбол нарығы дамыған елде туғанда оның трансферлік құны 10–15 миллион еуроға жетер еді. Дей тұрғанмен, Transfermarkt деректеріне сәйкес, өткен жылы ойыншының трансферлік құны 400 мың еуро шамасында болды.
«Қайрат» клубының басшылығы егер Еуропаның мықты клубтарынан ұсыныс түссе, Темірлан Анарбековті жіберу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді. Ал қақпашының өзі Ағылшын премьер-лигасында ойнауды мақсат етіп отыр.
– «Арсенал» клубына қарсы ойнаған кезде мен мұны шынымен сезіндім, – деді Темірлан. – Ол жақта футбол мүлде басқа деңгейде: менталитеті де, ойын стилі де өзгеше.
Шерхан Қалмұрза да La Liga чемпионатына баруды көздейді, ал оның армандаған клубы – «Барселона».
– Алдымен «Қайрат» клубын үлкен аренаға шығарғым келеді. Тек содан кейін ғана Еуропаға барып, басқа чемпионаттарды бағындырғым келеді, – дейді 18 жастағы Шерхан.