Әлемдік БАҚ тағы Қазақстан: Еңбек миграциясы, жүргізушісіз такси және көмір генерациясына инвестиция

28.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

The Times of Central Asia: Астанада өздігінен жүретін автокөлік сынақтан өтті

Астанада Наурыз мейрамын атап өту кезінде пилотсыз автокөліктің демонстрациялық жүрісі ұйымдастырылды. Жүргізушісіз такси – саладағы алғашқы ірі жоба. Жаңалықты The Times of Central Asia таратты.

Көлік Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасында жасалған. Автокөлікті бағдарламалау және маршрут картасын шеберхана қызметкерлері әзірледі.

Жүргізушісіз автокөлік Smart City инфрақұрылымына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін көрсетті.

Атап айтқанда, навигация жүйелері, деректерді өңдеу және қалалық ортамен өзара іс-қимыл шешімдері таныстырылды. Алдағы уақытта мұндай технологиялар қалалық инфрақұрылымға кезең-кезеңімен енгізіліп, оның ішінде пилотсыз такси қызметін іске қосу да интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі болмақ.

Іс-шара жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Астана қаласының әкімдігі және Astana Innovations ұйымының қолдауымен өткізілді.

Билік өздігінен жүретін көлікті қалалық мобильділікті дамытудың негізгі бағытының бірі ретінде қарастыруда. Болашақта мұндай шешім жоба инфрақұрылымына толық енгізіліп, автономды таксилерді іске қосуы мүмкін.

ТАСС: Мемлекет басшысы Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустинді қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Ресми ақпаратты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялаған.

Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ өзара тиімді диалог пен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қарқын алғанына назар аударылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Михаил Мишустиннің Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысуы Қазақстан-Ресей байланыстарының айрықша сипатын және оны одан әрі өрістетуге қос тараптың ұмтылысын растайды.

Айта кетейік, Мишустин Ресей Қазақстанның негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі әрі ұлттық экономикаға ірі инвестиция салушылардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 30 млрд долларға жеткенін айтқан. Ресей мен Қазақстанда энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруда әлеуетке ие.

Anadolu: Қазақстан көмір энергетикасын дамытуға 15 млрд доллардан астам инвестиция салады

Жақында Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» жөніндегі ұлттық жобаны бекітті. Anadolu ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

IT-сектордың өсуі, деректер орталықтарын құру және жасанды интеллектіні енгізу тұрақты базалық жүктемені қажет етеді, ал оны тек жаңартылатын энергия көздері арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық жобада 7,8 ГВт қуат көзін енгізу және жаңарту қарастырылған.

Жоспар бойынша 8 жаңа энергия өндіру көзін салу жоспарланған, оның ішінде Екібастұз (2 640 МВт), Курчатов (700 МВт) және Жезқазғандағы (500 МВт) ірі нысандар, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемендегі заманауи ЖЭО-лар бар.

Сонымен қатар Ақсу ГРЭС, Екібастұз ГРЭС-2 және Қарағанды энергия торабын қоса алғанда, жұмыс істеп тұрған 11 стансаны терең жаңғырту басталады. Бұл жұмыстар саладағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 2030 жылға дейін 12,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаларды жүзеге асыру бюджеттен тыс қаражатқа, яғни инвестиция тарту жолымен орындалмақ. Инвестицияның жалпы көлемі – 7,5 трлн теңгеден астам.

Euronews: Шетелдік мамандар Қазақстанға ағылуда

Бүгінде Қазақстан халықаралық мамандар үшін тартымды бағытқа айналып үлгерді. Ғылым, білім беру, технология және өнер салаларында ұзақ мерзімді мансап құруды көздейтін шетелдік мамандар Астананы жиі таңдай бастады. Euronews тақырыпты зерттеп, кейіпкерлерді сөйлетті.

Робототехника саласында PhD ғылыми дәрежесін алған Хусейн Атакан Варол Калифорниядағы жоғары технологиялық компаниялардың бірінде жұмыс істеуі мүмкін еді. Алайда маман Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдап, өмірінің жаңа парағын бастады. Алғашында бар болғаны бір жылға келген ол уақыт өте біржола тұрақтап қалды. Бүгінде Назарбаев Университетінде қызмет істеп жүргеніне 15 жыл толды

Қазақстан халықаралық мамандарға қолайлы ортаны дамытып келеді. Елге білім беру мақсатымен келетін азаматтардың да қатары жыл санап артты десек болады. Мысалы, шетелдік Джанфранко Касарин үш жылдық келісімшарт бойынша International Steppe School of Astana мектебінде ағылшын тілінен сабақ беру үшін елордаға қоныс аударған. Ресейлік IT-маман Владимир Белянков, Жапониядан келген кордебалет әртісі Яно Мадоканың да қоныс аудару оқиғасы қызықты.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью