Әлемдік БАҚ тағы Қазақстан: Ресей мұнайын тасымалдау, литий өндірісі және гуманоид роботтар шығару

04.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Caspianpost: Ресей мұнайын Қытайға транзиттеу мерзімі ұзарды 

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Қазақстан арқылы Ресей мұнайын Қытайға транзиттеуге рұқсат беретін лицензияның мерзімін ұзартты. Енді ел Ресей мұнайын 2027 жылғы 19 наурызға дейін тасымалдауына болады. Бұл туралы Caspianpost жазды.

Бұған дейін OFAC берген лицензия осы жылдың сәуіріне дейін жарамды болған. Енді құжат 2027 жылдың 12 наурызға дейін тиелген мұнай мен мұнай өнімдерін сатуға және тасымалдауға рұқсат береді.

Ресеймен арадағы келісім бойынша Қазақстан Қытайға жыл сайын транзит арқылы 10 млн тонна мұнай жеткізеді. Бұл шамамен тәулігіне 200 мың баррель деген сөз. Ал Қазақстан мұнайы Ресей аумағы арқылы 4 бағытпен транзиттеледі.

Батыс ақпарат құралдарының хабарлауынша, қазіргі уақытта ресейлік шикі мұнай ондаған кеме арқылы тасымалданып жатыр. Бұл шешімнің нәтижесінде кемінде 19 миллион баррель мұнай мен 310 мың тонна мұнай өнімі санкциядан босатылған. АҚШ-тың бұл қадамы Қытаймен бірге Ресейге түсетін қысымды да жеңілдететінін айтады.

Аzertag: Қазақстан келер жылы литий өндірісін бастайды

Қазақстанда литийді өнеркәсіптік деңгейде өндіру үшін геологиялық барлау жүргізілуде. Егер зерттеу нәтижесінде шикізат қоры анықталса, келесі жылы өндіріс іске қосуы ықтимал. Жаңалықты Аzertag жариялады.

Литий –технологиялық индустриядағы ең маңызды элементтің бірі. Бұл металл электр көліктерінің аккумуляторларын жасауға, электроника өндірісіне, химия өнеркәсібіне, фармацевтика саласына кеңінен қолданылады. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай литий батареяларына деген жаһандық сұраныс төрт есеге дейін өсуі мүмкін.

Қазақстанда литий оксидінің 9 кен орны бар. Олардың басым бөлігі, яғни 4 кен орны Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Жобаны қазақстандық компаниялар, Оңтүстік Кореяның геология және минералдық ресурстар институты және HMS Bergbau AG неміс компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда.

Сондай-ақ Арал өңірі аумағында литий қорының елеулі қоры бар.

ТАСС: Алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы жасалды

«UMC Жүрек орталығы» дәрігерлері алғаш рет балаға жүрек трансплантациясын жасады. Тарихи ота 27–28 наурыз аралығында түнде жасалған. Ақпаратты ресейлік ТАСС таратты.

Мәліметке сәйкес, науқас – 15 жастағы жасөспірім, ол 10 жасынан бері ауыр жүрек ауруымен күресіп келген. Оның жағдайы үнемі нашарлап, жиі ауруханаға жатуға тура келіпті. Дәрігерлердің айтуынша, баланың өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі жүрек трансплантациясы еді.

Донор ретінде 43 жастағы ер адам таңдалған. Оған ми қызметінің тоқтауы (ми өлімі) диагнозы қойылғаннан кейін туыстары ағзаны қайтыс болғаннан кейін донорлауға келісім берген. Дәрігерлер үйлесімді жұмыстың арқасында жасөспірімге жаңа өмір сыйлады.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Ол жансақтау бөлімінен профильдік бөлімге ауыстырылып, қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр.

Қазіргі таңда әлемде балаларға жүрек трансплантациясын тек санаулы елдер ғана жасайды, ал барлық трансплантациялардың шамамен 80%-ы АҚШ клиникаларына тиесілі. Қазақстанда осындай операцияның жасалуы елде жоғары технологиялық медициналық көмекті жүзеге асыруға қажетті мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде әртүрлі ағза трансплантациясын күтіп жүргендер тізімінде 123 кәмелетке толмаған науқас бар, олардың 9-ы жүрек трансплантациясын қажет етеді.

The Times of Central Asia: Қазақстанда адам тәрізді роботтар шығарылмақ

Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев адамға ұқсас роботтар өндірісін іске қосу жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Жоба Астана қаласындағы «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінде іске асады. Министр сөзін The Times of Central Asia бөлісті.

Бүгінде робототехника орталығында адамға ұқсас роботтарға арналған зертхана ашылған. Жобалар қатарында роботтарды қашықтан басқару жүйелерін әзірлеу және оларды AlemLLM тілдік моделіне интеграциялау бар.

Еске сала кетейік, министрлік екі ай бұрын AgiBot компаниясымен әріптестік орнатқан болатын. Аталған компания Қазақстанда роботтар мен жасанды интеллект шешімдерін өндіру және енгізу бойынша бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.

Әріптестік аясында AgiBot компаниясы Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге роботтар мен роботтандырылған жүйелерді оқытуға арналған «деректер фабрикасын» іске қосады.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью