Әлемдік БАҚ тағы Қазақстан: Жаңа кен орындары, Байқоңырдағы жоба және құрықталған интернет алаяқтар

11.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Caspianpost: Алты жаңа мұнай кен орны анықталды

2025 жылы Қазақстанда қоры 127 миллион тоннадан асатын жаңа мұнай кен орындары ресми түрде тіркелді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Мәжіліс кулуарында мәлімдеген. Ақпаратты Caspianpost таратты.

Ерлан Ақбаровтың айтуынша, Қазақстанда 15 шөгінді бассейн бар, оның бесеуі игеріліп жатыр және сол жерлерде мұнай өндіріледі.

- Өткен жылы бізде жалпы қоры 127 млн тоннадан асатын алты кен орны балансқа қойылды. Олар негізінен Маңғыстау және Атырау облыстарында орналасқан. Бұл кен орындарын негізінен өзіміздің жергілікті, шағын компаниялар игереді, – деді вице-министр.

Биыл 31 наурызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов 2025 жылы Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы аясында қосымша 434 мың тонна мұнай өндірілгенін айтқан. Оның сөзінше, 2040 жылға дейін қосымша шамамен 54 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр.

ТАСС: «Бәйтерек» жобасы аясында алғашқы зымыран ұшырылады

Қазақстан Ресеймен бірлесіп «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-5» зымыранын ұшыру жуырда өтпек. Аталған ақпаратты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасы Баубек Оралмағамбетов жеткізген. Жаңалықты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялады.

- Жоба соңғы сатыда. Алғашқы ұшыру сынағын жақын күндері өткіземіз. Бірнеше күннен кейін жақсы жаңалық естиміз деп сенемін, – деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» жобасы ұзақ уақыт бойы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылған.

- Бір кезде жобаны тоқтату туралы ой болған. Әртүрлі жағдай кездесті. Себебі екі ел қатысатын мұндай ауқымды жобада қаржыландыруды үйлестіру, мамандарды тарту, құзыреттерді бір арнаға тоғыстыру – мұның бәрі сенімге негізделеді.Бірақ бұл жоба – біздің өзара қарым-қатынасымыздың көрінісі іспетті. Ресей Федерациясымен арадағы сенім барған сайын нығая түсті, – деді ол.

Ресей мен Қазақстан «Бәйтерек» жобасын 2004 жылғы келісім негізінде жүзеге асырып келеді. Жоба Байқоңырда жаңа ғарыштық зымыран кешенін құруды көздейді. Осы кешеннен ресейлік «Союз-5» зымыран-тасығышын ұшыру жоспарланған.

«Роскосмос» басшысы Дмитрий Баканов 7 сәуір күні зымыранның ғарыш айлағында тік күйде орнатылғанын және ұшыру жақын уақытта жүзеге асатынын хабарлаған болатын.

The Times of Central Asia: Ұялы байланыс желісіндегі жалған базалық станциялармен күрес басталды

Қаржылық мониторинг агенттігі жалған хабарламалар таратып, фишингпен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Осындай схеманың жолын кесу ТМД елдері аумағында алғаш рет болып отыр. The Times of Central Asia-ның хабарлауынша, қазіргі уақытта төрт күдікті құрықталып, қамауға алынған.

Ұсталғандар SMS-бластерді пайдаланып, азамматтардың жеке дерегін иемденіп, ақшасын ұрлаған. Аталған құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, телефондардың автоматты түрде соған қосылып, қорғанысын әлсіреткен. Нәтижесінде абоненттерге бірден жалған SMS-хабарламалар келіп отырған. Бұл құрылғы байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама таратуға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар қаскөйлер таратқан сілтеме арқылы көпшілік фишингтік веб-сайттарға кірген. Веб-сайттар пайдаланушылардан телефон нөмірін, толық аты-жөнін, банк дерегін, CVV коды мен SMS растау кодын енгізуді сұраған. Бұл қылмыскерлерге құпия ақпарат пен қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік беріп келді.

Қылмыстық топты қолға түсіруге Қаржылық мониторинг агенттігі, Бас прокуратура және «TELE2» ұялы байланыс операторы бірлесе әрекет еткен.

Euronews: Халықты әлеуметтік қорғау күшеюде

Қазақстан Орталық Азиядағы ең кешенді әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастырып келеді. Осы аптада Euronews арнасы тақырыпқа орай арнайы бағдарлама әзірлеген.

Қазақстанда мемлекеттік қолдау бала дүниеге келген сәттен басталады. Сәби дүниеге келгеннен отбасы қаржылай көмек алады. Алдымен біржолғы жәрдемақы төленеді, кейін бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын күтім бойынша төлемдер беріледі. Сонымен қатар әрбір келесі балаға төленетін көмек мөлшері артып отырады.

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы енгізілгелі бері көмек алушылар саны 2,5 есеге артты. 2020 жылы әлеуметтік төлемді 252 мың отбасы алса, бүгінде жәрдем 630 мыңнан астам отбасыға жетті.

Қазақстан балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мектептер салуға белсенді түрде инвестиция салуда. Кейінгі бес жылда елде 1100-ден астам мектеп бой көтерді, оның жүздегені ауылдық аймақтарда орналасқан. Сонымен қатар 2023–2025 жылдары шамамен 3000 ауыл мектебі жөнделген.

Сондай-ақ халықтың 90%-дан астамы сақтандырылған және медициналық қызметтерге қол жеткізе алады. Бүгінде кепілдендірілген медициналық көмек пакеті айтарлықтай ауқымды, ал сақтандыру пакеті біртіндеп кеңейіп келеді.

Қазақстанның әлеуметтік жүйесінің басты ерекшеліктерінің бірі – саланың цифрландырылуы. Жәрдемақылардың басым бөлігін eGov порталы арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Көп жағдайда жүйе отбасының көмек алуға құқығы бар-жоғын автоматты түрде анықтайды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью