Әлемдік нарықта алтын бағасы 4000 доллардан төмен түсті

25.06.2026

7kun.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Әлемдік нарықта алтын бағасы соңғы айларда айтарлықтай арзандап, инвесторлардың назарын аударды.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бағалы металл құны 2025 жылдың қараша айынан бері алғаш рет бір унция үшін 4000 доллардан төмен түсті.

24 маусымдағы сауда-саттық барысында алтын бағасы 3,7 пайызға төмендеп, унциясы 3970 доллардан төмен деңгейге дейін құлдыраған. Сарапшылар бұл үрдісті АҚШ долларының нығаюымен және пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне қатысты болжамдардың күшеюімен байланыстырады.

Алтынмен қатар күміс бағасы да төмендеп отыр. Бағалы металл желтоқсан айынан бері алғаш рет унциясына 60 доллардан арзандады. Ал қаңтар айында тіркелген ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда оның құны шамамен 50 пайызға төмендеген.

Нарықтағы жағдайға байланысты халықаралық қаржы институттары өз болжамдарын қайта қарауға мәжбүр болды. Goldman Sachs сарапшылары алтын бағасына қатысты болжамын 500 долларға төмендетіп, унциясы 4900 доллар болады деп күтетінін мәлімдеді. Ал Deutsche Bank төртінші тоқсанға арналған бағалау көрсеткішін 17 пайызға қысқартқан.

Соған қарамастан орталық банктер тарапынан алтынға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында көптеген мемлекеттер алтын қорын толықтыруды жалғастырған. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы фактор бағалы металл нарығын қолдап тұрған негізгі тетіктердің бірі болып қала береді.

Соңғы үш жылда алтын бағасы тұрақты өсім көрсетіп, екі есеге жуық қымбаттаған болатын. Нарыққа орталық банктер, инвестициялық қорлар мен жеке инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс әсер етті. Алайда биыл қаңтар айының соңында алтын бағасы тарихи максимумға жеткеннен кейін өсім қарқыны бәсеңдеп, содан бері шамамен 20 пайызға төмендеді.

Мамандардың айтуынша, алтын құнына қысым жасаған негізгі факторлардың бірі – АҚШ пен Иран арасындағы геосаяси шиеленіс. Энергия ресурстары бағасының өсуі инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп, пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылау ықтималдығын арттырды. Нәтижесінде инвесторлар үшін алтынның тартымдылығы төмендеп, табысы жоғары қаржы құралдарына сұраныс артқан.

Бұған қоса, АҚШ Федералды резерв жүйесінің жаңа басшылығы инфляцияға қарсы қатаң саясат жүргізетінін мәлімдеді. Реттеуші мөлшерлемелердің әрі қарай да өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Осы хабарламадан кейін алтын бағасы небәрі жеті сауда сессиясының ішінде шамамен 8 пайызға арзандаған.

Дегенмен сарапшылар бағалы металдар нарығындағы жағдайдың әлі де құбылмалы екенін айтады. Олардың пікірінше, орталық банктердің сатып алу белсенділігі сақталған жағдайда алтын бағасының күрт төмендеуіне жол берілмеуі мүмкін.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью