Әлемдік парапланшылар Жетісу жерінде

20.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Бұл – Жетісу өңірінің тарихындағы ерекше оқиға. Бұған дейін облыс аумағында дәл осындай ауқымдағы әлемдік деңгейдегі жарыс өткізілген емес. Сондықтан халықаралық спорт додасы тек спорт мерекесі ғана емес, сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетін әлемге танытатын маңызды алаңға айналып отыр.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүзден астам спортшының қатысуымен өтетін дүбірлі додаға 30 мемлекеттен мықты парапланшылар жиналды. Еліміздің құрамасы сапында іріктеуден сүрінбей өткен жеті спортшы ел намысын қорғайды. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев бұл жарыстың Жетісу үшін тарихи маңызға ие екенін ерекше атап өтті.

«Жетісу жерінде парапланнан әлем кубогінің өтуі – үлкен мәртебе. Бұл жарыстың дәл біздің өңірде ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Жетісудың табиғи ерекшеліктері, тау бедері, ауа ағындарының қолайлылығы халық­аралық мамандар тарапынан жоғары баға­ланып келеді. Осындай жарыстар арқылы әлем жұртшылығына өлкеміздің сұлулығын танытып қана қоймай, туризмнің дамуына тың серпін береміз. Бұл болашақта өңірдің халықаралық туристік картасындағы орнын нығайта түседі», деді М.Көлбаев.

Шынында да, кейінгі жылдары Жетісу өңірінде ішкі, халықаралық туризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыс іске асты. Алакөл жағалауы, Жоңғар Алатауының бөк­тері, Балқаш көлі маңы, Бұрқанбұлақ сар­қырамасы мен тарихи орындар туристердің қызы­ғушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Енді осы қатарға халықаралық әуе спорты да қосылып отыр. Оны Франциядан келген спортшы Софи Мартеннің Жетісудың табиғи ерекшеліктеріне деген таңданысынан аңғардық.

«Мұнда келгенде алдымен табиғаттың әсем­дігіне назар аудардым. Таулардың биіктігі, кең алқаптар мен таза ауа адамды еркіндік сезіміне бөлейді. Біз үшін жаңа бағыттарды ашу маңызды, Жетісу – дәл сондай ерекше орындардың бірі. Болашақта мұнда турист ретінде қайта келгім келеді», дейді француз спортшысы.

Әлем кубогі Ескелді ауданына қарасты Екпінді ауылы маңында ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, бұл аумақ параплан спортына қолайлы табиғи жағдайымен ерекшеленеді. Таулы аймақтардағы ауа ағын­дары мен жер бедері халықаралық стандарт­тар­ға толық сәйкес келеді.

Салтанатты ашылу рәсімінің басты сәтте­рінің бірі – әлем чемпионы, халықаралық аренаның жұлдызы саналатын ирандық спортшы Мохсен Мансуридің көрсетілімдік ұшуы болды. Ол Талдықорған аспанында күрделі әуе маневрлерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Жағажай аумағына дәл қонып, жиналған жұртшылықпен жүздескен әйгілі спортшы алған әсерін жасыра алмады.

«Мен әлемнің көптеген елінде ұштым. Бірақ Жетісудың табиғаты ерекше екен. Таулардың көрінісі, кеңістік пен табиғи ландшафттың үйлесімі адамды бірден баурап алады. Бұл жер әуе спорты үшін ғана емес, халықаралық туризм үшін де үлкен мүмкіндікке ие өңір екені анық», деді М.Мансури.

Шетелдік спортшылардың басым бөлігі Жетісуға алғаш рет келгенімен, олардың пікірі­­нің бір арнада тоғысуы үлкен қуаныш. Әлемнің үздік парапланшылары кейінгі жылдары Жетісуға жиі келіп, бұл өңірді халықаралық әуе спорты орталықтарының бірі ретінде қарас­тыра бастады. Жарысты ұйымдастырушы Давид Виршкидің айтуынша, халықаралық доданың басты мақсаты – спортты дамыту ғана емес, өңірдің әлеуетін әлемге кеңінен таныту.

«Әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар аймақтың мүмкіндіктерін жоғары бағалайды. Біз үшін ең маңыздысы – Жетісудың халықаралық туризмдегі, әуе спортындағы мүмкіндіктерін жаһандық деңгейде көрсету. Бұл жарыстар болашақта өңірге келетін туристер санын арттыруға ықпал етеді», дейді Д.Виршки.

Жалпы, халықаралық деңгейдегі мұндай жарыстардың экономикалық тиімділігі де зор. Әлемнің ондаған елінен келген спортшылар мен олардың командалары, жанкүйерлер мен туристер өңірдегі қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етеді. Қонақүйлер, демалыс орындары, қоғамдық тамақтану орындары мен туристік қызмет көрсетушілерге жаңа мүм­кін­діктер ашылады. Дода Жетісудың турис­тік имиджін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұған дейін табиғи көрікті жерлерімен танылған өлке енді халықаралық спорттық туризмнің де маңызды орталығына айналуға қадам басты.

Айта кетейік, жарыс 28 маусымға дейін жалғасады. Халықаралық жарыс аясында көрермендер «Pre-Srs / Kazakhstan Open» халықаралық кубогін, Педро Тирадо кубогін, Чемпиондар лигасы кубогін, сондай-ақ параплан спорты бойынша әлем кубогі мен Азия турының кезеңдерін тамашалай алады.

Жетісу аспанында қалықтаған түрлі түсті қанаттар бүгінде тек спортшылардың ғана емес, өңірдің жаңа мүмкіндіктерінің де рәмізіне айналды. Бұл жарыс Жетісудың халық­аралық туризм картасындағы орнын айқындап, тау туризмін дамытудағы жаңа дәуірдің басталғанын көрсетіп отыр.

Жетісу облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью