Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтар кітабы алғаш рет қазақ тілінде жарыққа шықты.
GLOBAL BEST of RECORDS-тың жаңа басылымына Қазақстаннан 19 рекорд кірген. Онда әскери-өндірістік, ауыл шаруашылығы салысына қатысты көрсеткіштер мен қолөнер туындылары бар. Үздік жоба авторлары жайлы толығырақ келесі материалда.
Қазақтың сәукелесі мен кимешегі халықаралық рекордтар кітабына енді. Кимешекке арналған алып инсталляция өткен жазда Павлодарда жасалған. Биіктігі 4 метр кимешек күміс және металл тиындармен, інжу-маржан сынды асыл тастармен безендірілген. Инсталляцияға екі мыңға жуық әшекей қолданылған. Ертіс жағасына шығарылған ерекше туынды бірден көзге түсіп, Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтар кітабына жазылды. Жобаның авторы, этнодизайнер Гүлайым Акумбаева ұлттық киімді дәріптеу мақсатында осындай алып кимешек тіккенін алға тартады.
Гүлайым Акумбаева, этнодизайнер:
- Алып кимешегіміз суағарымен 4 метрдей болады. 2025 моншағы бар. Оның 560-ы алтын түсті моншақтар. 2025 - ол рекорд жасаған жыл. 560 - ол қазақ хандығына 560 жыл және 80 күміс әшекейлері бар. Бұл жеңісімізге 80 жылдығына арналған. Өйткені кимешекте аналардың көз жасы бар. Біз киелі кимешегімізді әлемге паш ету Павлодар облысына бұйырған екен. Рекорд кітабына енгенді естігенде қуандық та, жыладық та. Енді сондай сезімде болдық.
Қазақстан атынан бұл кітапқа темір майыстыру, ауыр жүкті тарту, сияқты күшке байланысты экстремалды рекордтар кірген. Ең үлкен сурет, сәукеле, кимешек сынды өнер туындылары да бар. Жалпы Азия және Африка елдері бойынша әлемдік рекордтар кітабына 2025 жылы болған 600-ден астам рекорд енді. Кітап мазмұны жыл сайын жаңарып отырады.
Қуандық Құдайбергенов, GBR дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка бойынша бас офицері:
- Мына кітаптың негізгі мақсаты. Азия және Африка елдерінде болған рекордтарды тіркейді. Және ерекшелігі қазақ тілінде бірінші рет шығып тұр. Оған себеп болған 19 рекорд кіріп, рекордшы бұған кіріп отыр. Сондықтан сондай ұсыныс шықты «қазақ тілінде де шығырайық» деген. Қазақша, ағылшынша, орысша үш жобасы біріккен сондай тұсаукесер болайын деп жатыр. Бірақ Дубай қаласында кітаптың негізгі дүниежүзілік тұсаукесері қазан айында болады.
Үздік жоба авторлары мен еңбек ұжымдарына арнайы медальдар табысталды. Сонымен қатар, кітапқа кірген жобаларды көпшілік назарына ұсынып, ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Хабар» агенттігі де марапатталды. Енді 2026 жылғы әлемдік рекордтар кітабы Стамбұлда таныстырылады.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Абдулхамит Бөлекпаев