Әлемдік сауда соғыстары геосаясатты қалай өзгертті

03.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Даудың басы – Трамптың тарифтік саясаты

Былтыр сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдеріне кең ауқымды тарифтер енгізіп, оны «Бостандық күні» деп атаған еді. Ондағы мақсат – Америка Құрама штаттарының басқа елдермен сауда балансын қалпына келтіру еді. Нәтижесінде әлемнің көп бөлігіне 10 проценттік базалық тариф енгізілді. Ал Үндістан мен Қытай сияқты елдер ең жоғары баж салығына ілікті. Тіпті Американың жақын серіктестерінің өзі, соның ішінде Канада да бұл соғыстан тыс қалмады.

Трамптың Конгресс шешімінсіз тариф енгізу саясаты бір жылдан бері қызу талқыланып келеді. Заңгерлер шешімнің заңдылығын, экономистер тарифтердің тиімділігін, дипломаттар оның халықаралық қатыснасқа әсерін зерделеумен әлек. Жақында ғана тұтас әлемді дүр сілкіндірген бұл шешім АҚШ-тың Жоғарғы сотында қаралды. Сот президенттің төтенше экономикалық өкілеттіктерге сүйеніп енгізген бірқатар тарифін заңсыз деп таныды. Яғни, сауда саясаты – тек экономикалық құрал емес, құқықтық шектеулерге бағынатын сала екені тағы бір мәрте дәлелденді. Десе де, Трамп Жоғары соттың шешіміне қарамастан қосымша тарифтер енгізді.

Канада мен Үндістанның ымыраласуы

АҚШ бастаған сауда соғысы халықаралық қатынастарға әсерін тигізбей қоймады. Күні кеше Канаданың жаңа Премьер-Министрі Марк Карни Үндістанға сапарлап, үнді елінің Үкімет басшысы Нарендра Модимен кездесіп, тарихи келісімдерге қол жеткізді. Ең маңыздысы – 10 жылдық атом энергетикасы жөніндегі стратегиялық әріптестік. Бұдан бөлек елдер технология, сирек металлдар, ғарыш, қорғаныс және білім беру салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Бұл келісімге неліктен қос тарап та «тарихи» баға беріп отыр? Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын екі елдің қарым-қатынасы күрт нашарлаған еді. 2023 жылы Канада аумағында сикх белсендісі Хардип Сингх Ниджар қаза тауып, сол кездегі Канаданың Үкімет басшысы Джастин Трюдо Үндістанды айыптағаны есте. Осылайша елдер арасында сенім дағдарысы туындап, дипломатиялық қарым-қатысқа сызат түсті.

Ал қазір жағдай мүлде басқа. Бұрынғы өкпе-реніштің орнына прагматизм келді. Оған себеп – жоғарыда айтқан АҚШ-тың сауда соғысы. Елдердің экономикасын шайқалтқан тарифтер оларды жаңа нарықтарды іздеуге, өткен дауларды артта қалдырып, жаңа одақтар мен альянстар құруға мәжбүрлеп отыр. Әсіресе Д. Трамп Канаданы тіпті «АҚШ-тың 51-штаты» деп атаған сәтте Канада ішінде егемендік мәселесі өткір көтерілді. Сол кезеңде билік ауысып, Марк Карни «Канаданың экономикалық дербестігін сақтау және сауда соғысына қарсы тұру» ұранымен жеңіске жетті. Яғни, Вашингтон қысымы Оттаваны жаңа серіктестер іздеуге итермеледі. Соның нәтижесінде Канада мен Үндістан қайта жақындасты.

Мемлекеттер балама нарық іздей бастады

АҚШ-тың тарифтік саясаты күшейгенде Үндістанның Қытаймен де арасы жыли түсті. Сондай-ақ Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық диалог қайта жанданды.

Сол сияқты Жапония мен Оңтүстік Корея де аймақтық экономикалық қауіпсіздік мәселесінде ынтымақтастықты күшейтті. Бұрын тарихи және саяси қайшылықтар кедергі болғанымен, жаһандық жеткізу тізбектерін қорғау қажеттілігі оларды прагматикалық диалогқа итермелеп отыр. 

Тағы бір мысал – Латын Америкасы елдерінің өзара сауда интеграциясын тереңдетуі. АҚШ нарығына тәуелділікті азайту үшін аймақ ішінде жаңа келісімдер қарастырыла бастады.

Бұл нені көрсетеді? Сауда соғыстары кейде керісінше нәтиже береді. Қысым артқан сайын, мемлекеттер балама нарық іздейді. Бір кездері бір-бірімен салқын қатынаста болған елдер ортақ экономикалық мүдде үшін жақындасады. Әлемдік сауда архитектурасы бірполярлы жүйеден көпполярлы модельге бет бұрып жатыр. АҚШ бұрынғыдай жалғыз орталық болудан алыстап, басқа экономикалық блоктар күшейе бастады.

Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашылады

Үлкен державалар арасындағы текетірес жаңа логистикалық дәліздер мен жаңа серіктестіктерге жол ашады. Осы сәтті Қазақстан да ұтымды пайдалануға күш салып жатыр. Мемлекет басшысы жиі айтып жүрген Орта дәлізді дамыту идеясы осы кезеңде тіпті өзекті бола бастады.

Сауда соғыстары – тек тарифтер мен проценттер ғана емес. Бұл түптеп келгенде егемендік, экономикалық қауіпсіздік және жаңа геосаяси тепе-теңдіктің түйіні жатқан күрделі процесс. Қазақстан мұндай ахуалда өзінің көлік-логистика инфрақұрылымын стратегиялық дәлдікпен дамытып жатқаны қуантады. Оның ішінде Достық-Мойынты темір жолы, Астанада жаңа әуежай салу, әуе тасымалымен айналысатын жеке компания құру сияқты көптеген бастамаларды айтуға болады.

Бұған еліміздің Сауда министрлігі АҚШ тарифтері Қазақстан экспортының 4,8%-ына ғана әсер ететінін хабарлады. Ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазіргі уақытта Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі жаңа тарифтік реттеуге жатпайды және шектеусіз экспортталып жатыр.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью