Әлемдік тәжірибеде өте сирек кездесетін жағдай Президент Қазақстандағы саяси реформалар туралы

24.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Президент маңызды трансформация процесінің тура бір жыл бұрын басталғанын еске салды.

"Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер. Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды. Азаматтарымыздың тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылды", - деді Президент.

Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты, деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжатты – Конституциямыз қабылданғанын атап өтті.

"Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын шын мәнінде бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда".

Халық кеңесі туралы не белгілі?

Қазақстан Халық кеңесі - Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік-кеңесші орган. Оның міндеті - мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.

Кеңес құрамына 126 адам кірді:

этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі; қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдардың 42 өкілі; Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің 42 өкілі.

Халық кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.

Халық кеңесінің құзіреті:

ішкі саясат бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу; Құрылтайға заң жобаларын енгізу; жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасау; қоғамдық талқылаулар мен тыңдаулар өткізу; қоғамдық бақылауға қатысу; Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру.

Халық кеңесінің жоғары басқарушы органы сессия болып саналады. Сессиялар аралығында басшылықты кеңестің төралқасы жүзеге асырады. Ұйымдастырушылық және талдау жұмыстарын мемлекеттік орган мәртебесіне ие хатшылық қамтамасыз етеді.

Еске салайық, 23 қыркүйекте өткен бірінші сессияның алғашқы отырысында Президент Ерлан Қошановтың кандидатурасын Халық кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынды.

Кейіннен кеңес мүшелері жасырын дауыс беру арқылы Қошановты төраға етіп сайлады. Дауыс беруге Халық кеңесінің барлығы 121 мүшесі қатысты: оның кандидатурасын 120 адам қолдап, біреуі қалыс қалды.

Төраға төрт жылдық мерзімге сайланады. Ешкім бұл қызметті екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью