Әлемдік теннистің болашағы Қазақстанда талқыланады

08.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

10–13 қазан аралығында Алматыда World Tennis жыл сайынғы Бас ассамблеясы аясындағы іс-шаралар өтеді. Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылатын жиын ұлттық федерациялардың, халықаралық және құрлықтық теннис ұйымдарының басшылары мен өкілдерін, сала сарапшылары мен серіктестерін біріктіреді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

10–11 қазанда World Tennis Директорлар кеңесінің отырыстары өтеді. 11–13 қазан аралығындағы панельдік отырыстар мен жалпы дауыс беруге әлемнің 137 елінен 262-ден астам делегат қатысады деп жоспарланған.

Ассамблеяның Алматыда өтуі халықаралық теннис қауымдастығының Қазақстанға деген жоғары сенімін және World Tennis вице-президенті Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясының беделі артып келе жатқанын айғақтайды.

ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, форум Алматыға 137 елдің өкілдеріне қаланың спорттық инфрақұрылымы мен теннис дәстүрлерін таныстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ассамблея тәжірибе алмасуға, федерация басшылары арасында тікелей диалог орнатуға және жаңа халықаралық серіктестіктерді дамытуға жағдай жасайды.

Бағдарламаның басты оқиғасы - 13 қазанда өтетін World Tennis Бас ассамблеясының отырысы. Осы күні Қазақстанда әлемдік теннистің алдағы дамуын айқындайтын аса маңызды шешімдер қабылданады.

Бас ассамблея - әлемдік теннистің дамуын талқылауға арналған негізгі алаңдардың бірі. Қатысушылар осы спорт түрінің қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдер теннисін дамыту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау, сондай-ақ халықаралық жарыстарды өткізу мәселелерін қарастырады.

Ұлттық федерацияларды қолдау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылады. Делегаттар атқарылған жұмысты қорытындылап, стратегиялық бастамаларды талқылайды және түрлі елдер мен өңірлердегі теннистің дамуына ықпал ететін басым бағыттарды айқындайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью