Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы инвестиция, инновация және корпоративтік қызмет көрсету салалары бойынша өңірдегі жетекші орталық саналатынына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Бүгінде 100-ге жуық елден 5 мыңнан астам компания осы платформа аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жайт, экожүйеге Пәкістанның 11 компаниясы қосылған. Қатысушылар қатары алдағы уақытта да көбейеді деп сенеміз. Қазақстан, сондай-ақ өңір нарығына шыққысы келетін пәкістандық кәсіпкерлерге сенімді әрі ашық мүмкіндіктер ұсынамыз. Тұрақты инвестициялық құрылымды ұдайы жетілдіріп отырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орналасуы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Екі ел де өңірлік және жаһандық байланыстың басты буыны бола алады.
– Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ транзит ағынын анағұрлым тиімді үйлестіруді көздейтін Smart Cargo бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Пәкістан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына мүше елдер ретінде мұсылман мемлекеттеріне арналған орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін құру жолында ортақ мақсатқа жұмылатынын атап өтті.
– Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз. Осы орайда пәкістандық әріптестеріміздің аталған сектордағы тәжірибесін бөлісіп, капитал құймақ ниетін құптаймыз. Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group компаниясымен жасалған келісім – осы ынтымақтастықтың маңызды бастамасы, – деді Мемлекет басшысы.