Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Фото: istockphoto.com
Іс-шараға сарапшылар, ғылыми-зерттеу және талдау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары қатысты. Кездесуде жаңа Конституция жағдайындағы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қоғамдық көңіл күй, партиялардың рөлі және азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі талқыланды.
Отырыста 2 400 респонденттің қатысуымен өткізілген «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» және 1 200 респондентті қамтыған «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеулері таныстырылды.
Сауалнама: Жастардың 90%-ға жуығы ел дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды
Зерттеу қорытындысына сәйкес, ел тұрғындарының 84,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалаған. Зерттеу қоғамдағы оптимистік көңіл күйдің артқанын көрсетіп отыр. Өз көңіл күйін жақсы немесе бірқалыпты деп бағалағандардың үлесі 88,5 пайызға жетсе, алаңдаушылық білдіретіндердің көрсеткіші 15,2 пайыздан 11,5 пайызға дейін төмендеген. Өміріне қанағаттанатынын айтқан азаматтардың үлесі 85,8 пайызды құрады.
Сауалнамаға қатысқандардың 50,5 пайызы соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтса, 60,1 пайызы алдағы бір жылда оң өзгерістер күтетінін жеткізген.
Жастар арасында да оң бағалау басым. 18-28 жас аралығындағы респонденттердің 87,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты деп есептейді. Ал жастардың 65,6 пайызы алдағы бір жылда өз өмірі жақсарады деген сенімде.
Әлеуметтік сауалнама: Жастардың 90%-дан астамы Мемлекет басшысына сенім артады
Зерттеу мемлекеттік институттарға деген сенімнің де жоғары екенін көрсетті. Атап айтқанда Президентке сенім деңгейі 86,9 пайызды құрады. ҚҚДИ мәліметінше, бұл көрсеткіш барлық жас санаттарында жоғары деңгейде сақталған.
«Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 75,1 пайызы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Оның ішінде 37,6 пайызы міндетті түрде дауыс беретінін айтса, 37,5 пайызы сайлауға қатысуы ықтимал екенін көрсеткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуразиялық интеграция институтының жүргізген сауалнамасы ел тұрғындарының 70%-дан астамы сайлауда дауыс беруді жоспарлап отырғандығын көрсеткен еді.