Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
«Қазақстан халқына» қорының құрылғанына төрт жылдан асты. Әлеуметтік саланың әр бағытын бекем етіп, нығайтуға кәсіпкерлер мен іргелі компаниялардың әлеуетін тартуды мақсат еткен ілкімді бастама ел игілігіне айналды. Мемлекеттің басты байлығы саналатын халықтың қажеттілігін өтеуде қордың атқарған жұмысы да қадау-қадау.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Әлеуметтік әділдік қашанда азаматтардың өз болашағына деген сенімінен басталады. Бұл жолдағы жүйелі жұмыс ел дамуының берік іргетасын қалыптастырып, ортақ жауапкершілікке негізделген қоғамдық келісімді нығайта түссе керек. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 11 қаңтарда Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде әлеуметтік әділеттілік әрдайым маңызды екенін атап өткен еді. Төрт жыл бұрын Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырды.
«Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатын болады. Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек. Шынында да, көптеген отбасы үшін емдеу шығындары өте ауыр тиеді. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт объектілерін салатын боламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Осы қордың қаражатынан біз қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаймыз. Бұл тек жеке мысалдар. Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе қандай да бір басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барлық отандасымыздың қоры, халық қоры. Ол әкімшілік немесе Үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді байқау кеңесі құрылып, адал, жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметінің толық ашықтығын, қоғамның есеп беруін, бақылауында болуын қамтамасыз етеміз», деді Президент.
Төрт жыл ішінде қор елдің әлеуметтік ахуалын жақсарту жолында қадау-қадау қайырымдылық шараларды шашау шығармай жүзеге асырып келеді. Еліміз кейінгі жылдары әлеуметтік, институционалдық өзгерістердің кезеңін бастан өткерді. Бұл кезең азаматтардың мемлекетке деген сенімін, әлеуметтік әділдік туралы түсінігі мен қоғамдық келісімнің беріктігі сынды түсініктің беріктігін талап етті. Қысылтаяң шақта әлеуметтік саясаттың жаңа бағдарын түзіп, оны іске асырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мәселесі туындады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ел дамуының стратегиялық бағытын айқындау барысында әлеуметтік әділдік қағидатын басты құндылықтардың бірі ретінде атайды. Әділ қоғам құру тек экономикалық өсіммен өлшенбесе керек, ол ең әуелі азаматтардың өз болашағына деген сенімімен сараланады. Кейінгі жылдары бұл ұстанымдар нақты жобалар мен бастамалар арқылы қоғам өміріне ене бастады. Осы тұрғыдан безбендегенде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының құрылуы кездейсоқ шешім емес. Қор Мемлекет басшысының әлеуметтік саясаттағы ұстанымдарының институционалдық жалғасы саналады. Әлеуметтік қор қоғамдағы сұраныс пен мемлекеттің стратегиялық мақсаттарының шешімі ортақ ойға ұюдан құрылды. Мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік нақты істерден байқалады. Негізінен қаржы бөлуге ғана емес, әлеуметтік мәселелердің түпкі себептерін жоюға, ұзақмерзімді әрі орнықты нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аударылатын қордың мақсаты да айқын. Қор қоғамды біріктіруге қызмет етіп, азаматтардың әлеуметтік әділдік сезімін нығайта алатынын айқындап келеді.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Қор қызметінің басым бағыттарының бірі – білім беру саласы. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы мектептердің жағдайын жақсартуға әрдайым баса назар аударылады. Ондағы мақсат та айқын: өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартып, барлық балаға тең мүмкіндік қалыптастыру. Мемлекет басшысы ел аумағында жыл сайын кемінде мың мектепті заманауи стандарттарға сай жаңғырту міндетін жүктеді. «Қазақстан халқына» қоры осы стратегиялық мақсатты іске асыруға үлес қосып, мектеп инфрақұрылымын жаңартуға, білім беру ортасының сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, 2022–2025 жылдар аралығында Қордың қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде 648 жалпы білім беретін мектеп заманауи пәндік кабинеттермен, оқу жабдықтарымен сондай-ақ цифрлық технологиялармен қамтамасыз етілді. Бұл оқу үдерісіне цифрлық шешімдерді енгізуге, заманауи оқыту әдістерін қолдануға әрі білім беру мазмұнын жаңартуға жол ашты. Осылайша, аталған мектептерде қалыптасқан материалдық, цифрлық инфрақұрылым Мемлекет басшысы ұсынған білім беруді цифрландыруға бағытталған Digital мектеп бастамасын кезең-кезеңімен іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, 440 мыңнан астам бала Қордың білім беру жобаларымен қамтылды. Атқарылған жұмыстардың мақсаты – баланың қай жерде өмір сүретініне қарамастан, сапалы білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету», дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі, бағдарламалар мен жобаларды үйлестіру орталығының басшысы Шыңғыс Шарапиев.
Орталық жетекшісінің айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры әлеуметтік салада инклюзия мен өмір сапасына баса назар аударады. Бұл бағыттағы негізінен әлеуметтік осал топтардағы азаматтардың, әсіресе балалардың қоғамнан өгейлік көрмеуіне толыққанды жағдай жасап, ұзақмерзімді оңалту жүйесін қалыптастыру. Қордың қолдауымен елімізде оңалту мен қолдаудың 34 орталығы ашылып, заманауи медициналық, коррекциялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Инклюзивті дамыту бағытындағы жобалар арқылы 21 мыңнан астам азамат қамтылған. Жыл сайын оңалту бағдарламалары аясында 25 мыңға жуық бала мен ересек қолдау табады. Бұл бастамалар инклюзияны тек әлеуметтік ұстаным емес, нақты әрі тұрақты тәжірибе ретінде қалыптастыруға бағытталған. Қор жобалары азаматтардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қоғамда тең мүмкіндіктерге негізделген орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Төрт жыл ішінде денсаулық сақтау саласында жоғары технологиялық көмек те қолжетімді бола түсті. Қордың қолдауымен еліміздің ірі онкологиялық орталықтары заманауи сәулелік терапия, диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мыңдаған пациенттің жоғары технологиялық ем алуына септесті. Жалпы, 2022–2025 жылдар аралығында елімізде 58 медициналық ұйым жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылды. Онкологиялық көмектен бөлек, балалар нейрохирургиясы, офтальмологиялық скрининг, күйік медицинасы, пульмонология, комбустиология, кардиология бағыттарына да қажетті құрылғылар қор қаржысына сатып алынды. Нәтижесінде, балалар нейрохирургиясы қызметі өңірлік деңгейде енгізіліп, күрделі операцияларды республикалық орталықтарға жібермей-ақ жүргізу мүмкіндігі артты. Ауылдық, шалғай өңірлердегі тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қор мобильді медициналық кешендер арқылы 13 404 азаматты онкологиялық скринингтен өткізді. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп, жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға, дер кезінде емдеуді бастауға жағдай жасады.
Бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын жақсарту – дені сау ұлт қалыптастырудың баспалдағы. Балалар мен жастарға спорт тек дене шынықтыру емес – денсаулық, тәртіп пен ортақ құндылықтарды нығайтудың ілкімді жолы. Әсіресе ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі балалардың бос уақытын қалай өткізетініне, олардың өмір салтын дұрыс қалыптастыруына әсер етеді. Осы мақсатта 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «100 ауылдық балалар спорт залы» жобасы аясында 17 өңірде 200 балалар спорт залы ашылып, олар спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, 40 мыңнан астам ауыл баласы спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар 2023 жылдан 17 облыс пен Шымкент қаласында қысқа мерзімде бой көтеретін модульдік спорт залдарын салу басталды. Бүгінде 12 спорт нысаны пайдалануға беріліп, тағы 12 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, жоспарға сай биыл пайдалануға берілуге тиіс. Қордың қолдауымен Астана, Қызылорда қалаларында ауқымды инклюзивті спорт орталықтары салынып, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектердің спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасалды. Бұл жобалар елімізде алғаш рет жүзеге асырылды.
Ш.Шарапиев 2024 жылы «Қазақстан халқына – жаңа клуб» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының ауылдары мен Ақсай қаласында кітапханалар негізінде 25 комьюнити орталық ашылғанын да атап өтті. Орталық ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылықпен айналысуына, цифрлық қызметтерді еркін пайдалануға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, кітапхана дәстүрлі оқу орны ғана емес, оқырмандарды біріктіретін заманауи қоғамдық алаңға да айналды. Қазірде жоба Абай облысындағы 30 ауылдық кітапханада жүзеге асырылып, жаңа комьюнити орталықтар құрылып жатыр. Сонымен қатар мәдени ортаны дамытуға бағытталған «QH Арқалық – мәдени даму алаңы» жобасы аясында қаладағы Мәдениет сарайының қызметі қайта жанданып, тұрғындарға шығармашылық пен демалысты ұштастыратын жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қордың мәдениет саласындағы жобалары 278 мыңға жуық тұрғынды қамтып, ауылдық жерлер мен өңірлік орталарда қоғамдық өмірдің жандануына, адамдар арасындағы байланыстардың нығаюына сондай-ақ мәдени орта қалыптастыруға елеулі үлес қосып отыр.
«Қазақстан халқына» қоры білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, спорт, мәдениет бағыттарын біртұтас әлеуметтік саясаттың өзара байланысын берік ете түседі. Әр бағыттағы бастамалар Қордың нақты мақсаты мен міндеттеріне сай келіп, қоғамда ұзақмерзімді әрі орнықты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Жаңартылған мектептер мен ауруханалар, ауылдарда ашылған спорт залдары, мәдениетке қайта жан бітірген қоғамдық орталықтар – Қор жұмысының нақты нәтижесі. Бұл бастамалардың барлығы азаматтарға мемлекеттің қамқорлығы сөз жүзінде емес, нақты істер арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп отыр.
Соңғы жаңалықтар
Ата заң реформасы ауқымды өзгерісті қамтиды
Ата заң • Бүгін, 09:05
Заң мен тәртіп – мемлекеттік саясаттың басты қағидаты
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:00
Әлеуметтік бағытты бекемдеген бастама
Қоғам • Бүгін, 08:55
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50
Әлемдік тәжірибедегі бір палаталы Парламент тиімділігі
Құрылтай • Бүгін, 08:48
Қоғам • Бүгін, 08:45
Тәуелсіздік, бірлік һәм жаһандық жауапкершілік
Пікір • Бүгін, 08:43
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40
Жетісу мәдениеті жандана түсті
Аймақтар • Бүгін, 08:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30
Музей • Бүгін, 08:25
Жұмысшыға қай кезде де сұраныс көп
Еңбек • Бүгін, 08:23
Өнер • Бүгін, 08:20
Театр • Бүгін, 08:17
Теннис • Бүгін, 08:15