Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Әлеуметтік ғылымның зерттеу «кеңістігі» өте кең. Бұл – саясаттану, әлеуметтану, тарих, психология ғана емес, қоғам мен адам, жұртшылықтың мінез-құлқы, үрдістер мен заңдылықтар, саяси реформалар, көбіміз жиі қолданатын әлеуметтік ауқымды ұғымдар... Дәл сол ғылым саласы мықты қалыптасқан әрі нақты жұмыс істейтін мемлекеттерде елдің тұтастығына сына қағатын қауіпті кезең, келеңсіз жағдай алдын ала зерделенеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда философия, әлеуметтану, саясаттану ғылымдарын дамытудың маңызын атап өткен еді. Әдетте зерттеу ісінен алыс кейбір қоғам өкілдері ғылымды, соның ішінде әлеуметтік ғылымдарды да зертхананың айналасынан шықпайтын дүние көреді. Шын мәнінде, әлеуметтік ғылым – елдің ішкі көңіл күйі, тарихи сабақтастығы, тұтастығы мен тұрақтылығының кепілі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессор зерттеушісі, саясаттану ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева осы ойды толықтыра келе, әлеуметтік ғылым жай ғана теория емес, қоғамның «диагнозы» екенін айтады. Оның пікірінше, экономика – елдің қаңқасы болса, әлеуметтік ғылым – жан дүниесі. Халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік кернеу нүктелерін дөп басып анықтайтын ғылым. Дамыған елдерде (ЭЫДҰ елдері), мемлекеттік шешімдердің 80%-ы алдын ала жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге негізделеді. Сондай-ақ тәуекелдерді басқаруда әлеуметтік ғылымдар алғаш көмекке келеді.
«Елімізде әлеуметтік дамуды тежеп тұрған кедергілер барын, мәселен, әдістемелік жағынан артта қалу үрдісін айрықша атағанымыз жөн. Қазір әлемдік әлеуметтану деректерінің басым бөлігі «Big Data» арқылы өңделеді. Бізде әлі де дәстүрлі сауалнамаларға басымдық беріледі. Тағы бір фактор – институционалдық әлсіздік, тәуелсіз зерттеу орталықтарының аздығы, қаржыландырудың техникалық ғылымдарға қарағанда әлдеқайда төмендігі. Кейінгі үш жылда демократияның сипаты мен сапасын зерттейтін жаһандық «V-Dem» тобында зерттеулерге қатысып келемін. Жоба 1789 жылдан бергі әлем елдеріндегі саяси даму динамикасын көрсетуді мақсат тұтқан. Алайда Орталық Азия елдері үшін хронология тарихи себептерге байланысты көбіне үзік-үзік беріледі. Сонда мені деректердегі «ақтаңдақтар» мәселесі алаңдатты. Еліміздің осы әлемдік зерттеу картасында әлеуметтік жады 1991 жылдан басталады», дейді спикер.
Зерттеуші Г.Сұлтанбаеваның айтуынша, қазақ қоғамының 1917 жылға дейінгі дала демократиясы мен 1917–1991 жылдар аралығындағы күрделі әлеуметтік үдерістері әлемдік ірі деректер қорында (Data set) көбіне «Ресей империясы» немесе «КСРО» деген ортақ атаудың астында «жұтылып» кеткен көрінеді. 1917 жылға дейінгі қазақ қоғамының саяси ахуалы мен бірегей әлеуметтік құрылымы халықаралық индикаторларға енбей қалды. Бұған отарлық саясат салдарынан архивтердің жүйеленбеуі, тарихи деректерге жасалған қиянат пен көптеген құжаттың әлі де жабық сөрелерде «шаң басып» жатуы себеп. Бұл – отандық әлеуметтік ғылымның жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тежейтін басты фактор. Осы олқылықтың орнын толтырсақ, әлеуметтік ғылым қоғам дамуының шынайы айнасы бола алады.
«Әлеуметтік ғылымның әлеуетін арттыру үшін дәйекке негізделген саясатты ұстанған жөн. Бұған заңнамалық деңгейде кез келген мемлекеттік бағдарламаға міндетті түрде «Әлеуметтік әсерді бағалау» сараптамасын енгізу деген талап қосу арқылы қол жеткіземіз. Цифрлық трансформация кезінде әлеуметтік желілердегі пікірлерді, халықтың мінез-құлқын жасанды интеллект және нейрожелілер арқылы талдайтын «Digital Sociology» бағытын дамыту да кезек күттірмейді. Отандық ғалымдардың «Scopus», «Web of Science» базаларындағы белсенділігін арттыру, халықаралық гранттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Әлеуметтік ғылымға инвестиция тарту, әлеуметтік зерттеулерге бөлінетін мемлекеттік гранттар көлемін кемі 2-3 есеге ұлғайту, тапсырыс берушілер (министрліктер, әкімдіктер) мен орындаушы ғалымдар арасындағы байланысты нығайту ілгерілеуге бастайды. Еліміздегі әлеуметтік ғылымның әлеуетін арттыру – тек ғалымдардың емес, мемлекет дамуының басты шарты. Біз қоғамды тану арқылы ғана болашақты сенімді болжай аламыз», дейді зерттеуші.
Президент Ұлттық құрылтайда әлеуметтік ғылымдағы зерттеулердің нәтижелерін ашық ету, көпшілікке қолжетімді қылудың маңызын да атап өткен еді. Әлеуметтану ғылым бойынша PhD Эльмира Отар отандық әлеуметтік ғылымдарда ауыз толтырып айтарлық әлеует те, беделді журналдардағы салмақты жарияланымдар да жетерлік екенін, бірақ соған қарамастан, түйінді түйткілдердің сала дамуын тежеп тұрғанын тілге тиек етті.
«Бізде әлеуметтану деректерінің бәрі мемлекеттік қаржыландыруға, тендерлер мен тапсырыстарға тәуелді. Мұндайда кейбір тақырыптар бір жыл зерттеліп, тоқтап қалуы мүмкін. Ал әлеуметтану ғылымында зерттеудің ұзақмерзімді болуы өте маңызды, сонда ғана кей мәселелердің себебін, шешімін көруге болады. Дамыған елдерде тәуелсіз, зерттеулерге бизнес тарапы тапсырыс береді. Бұл өз кезегінде тәуелсіз зерттеулер жүргізуге жол ашады. Осыдан тағы бір мәселе туады, мемлекеттік тапсырыспен жасалғандықтан, зерттеуді бір институт жүргізеді, нәтижесін тапсырыс берген құрылымға ұсынады. Одан кейін материалдар, қорытындылар сонда қалады, ешкім қолданбайды. Өйткені жабық, мәліметтерге қол жеткізуге жағдай жасалмаған. Ал сол зерттеуге көп уақыт, күш-жігер жұмсалды ғой, соны неге кейін де қажетімізге қолданбаймыз? Деректер архив күйінде қалып қоймай, ашық болса, зерттеу жүргізген институттарға, ғылыми топтарға нәтижелерді ортақ бір экожүйеге жүктеуді міндеттесе, көп ғылыми жұмыс өнімді болар еді», дейді әлеуметтанушы ғалым.
Оның ойынша, тағы бір түйткіл – ғылым мен саясаттың арасындағы байланыстың толыққанды дамымауы. Кез келген саяси шешім зерттеулердің нәтижесіне негізделуі керек. Біз бұл тұрғыдан біршама алға жылжыдық. Дегенмен сараптамалық әлеуметтану жүйелі түрде мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне ене қойған жоқ. Әлеуметтанушы сауалнама жүргізуші ретінде ғана қабылданады, ақиқатында әлеуметтік болжау, тәуекелдерді модельдеу, әлеуметтік капиталды өлшеу деген функциялар бар. Мұның бәрі абстрактілі нәрселер болғанымен, әлеуметтану ғылымында бұл нақты өлшемдерден тұрады. Әлеуметтанудың әлеуетін мемлекет барынша пайдаланғаны жөн, сонда ғылым мен саясаттың арасындағы байланыс бекиді.
«Әлеуметтану – негізінен қоғамды, адамдардың көңіл-күйін, сенімін, ренішін, үмітін зерттейтін ғылым. Мысалы, бір институт елімізде біраз бұрын болған қайғылы оқиғаны аз пайыздық өлшеммен алдын ала болжаған, бірақ бұл ескерту ескерілмеген. Мемлекеттік құрылымдар әдетте көп пайыздық өлшемдерге ғана мән береді, кішкентай үлестегі тәуекел мен қауіп-қатердің өзі назар аудартуды қажет етеді. Сол себепті әлеуметтік ғылымдардың зерттеу нәтижелеріне немқұрайлы қарауға болмайды. Статистика көрсете алмайтын дүниені әлеуметтану көрсете алады. Бізде қоғамдық жағдайларды алдын ала реттеу жүйелі іске қосылмаған. Көбіне бір оқиға болғаннан кейін ғана зерттеледі, алдын ала болжау өте аз. Сондықтан ғылыми сараптаманы мелекеттік саясаттың тұрақты элементіне айналдыру керек. Отандық әлеуметтану ғылымы әлі де «Қоғам не ойлайды?» деген сұраққа жауап берумен жүр. Біз «Қоғам неге олай ойлайды, бұл қайда апарады?» деген деңгейге өтуіміз қажет. Бұл ғылым әлі де өтпелі кезеңде тұр, дамуы баяу, академиялық пәннен стратегиялық құралға айналғаны абзал», дейді Э.Отар.
Түйін: Сарапшылардың салмақты сөзінен, пайымды пікірінен ұққанымыз, қоғам дамуы мен асқынған «ауруының рентгені» саналатын әлеуметтік ғылымдар кешенді қолдауды қажет етеді. Әйтпесе адамның ішкі жай-күйі қалыпты, рухы биік болғанда ғана оның болашағынан үміт күтуге болатыны заңды. Ал қоғам дегенің сол адамдардан құралмай ма?
Соңғы жаңалықтар
Елімізде 1242 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін
Қоғам • Кеше
Бокс: Futures Cup турниріне қатысатын спортшылар белгілі болды
Бокс • Кеше
6 наурызда еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Қазақстан туристерге тартымды елге айналды: Еліміздің әлемдік рейтингтегі орны қандай?
Туризм • Кеше
Трамп Иранның келесі көшбасшысын таңдауға қатысқысы келетінін айтты
Әлем • Кеше
Абай облысында әскери қызметші қаза тапты
Оқиға • Кеше
Таяу Шығыс елдерінен 2 463 отандасымыз эвакуацияланды
Оқиға • Кеше
Мемлекет басшысы Нахчыван әуежайына жасалған шабуылды қатаң айыптады
Президент • Кеше
«Шекара аруы» бейнебайқауының жеңімпазы анықталды
Қоғам • Кеше
Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ марапаттарына ие болды
Оқиға • Кеше
Түркия Иран елінен келетін мигранттарды қабылдайды
Әлем • Кеше
Қазақстанда жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды ақпараттық науқанның жаңа толқыны басталды
Ата заң • Кеше
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы: Ешбір саяси науқан – тәуелсіз бақылаушыларсыз әділ өтпейді
Ата заң • Кеше
Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты бірқатар тасжол ертеңге дейін жабылды
Ауа райы • Кеше
Алматыға Шарджадан эвакуациялық рейспен 167 отандасымыз ұшып келді
Оқиға • Кеше