Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Тамыз айынан бастап әкімдіктердің кейбір әлеуметтік төлемдері жасанды интеллект көмегімен тағайындалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде әлеуметтік төлем алу үшін бір ғана өтініш беру жеткілікті. Цифрлық платформа қажетті мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден өзі алады.
"Биыл маусым айынан бастап платформа еліміздің барлық 20 өңірінде пайдалануға енгізілді. Платформа арқылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылады", – деді Ертаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Цифрлық форматта көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары:
емделуге (сауықтыруға);
гемодиализ аппаратын пайдаланатын I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеуге;
мүгедектігі бар балаларды емдеуге;
созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдарға;
дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге;
санаторийлік-курорттық емделуге;
коммуналдық қызметтерді төлеуге;
тұрғын үйді күтіп ұстауға;
телефон үшін абоненттік төлемді төлеуге;
тұрмыстық қажеттіліктерге;
қатты отын сатып алуға;
ақшалай көмек көрсетуге арналған.
Осы айдан бастап әкімдіктер көрсететін біржолғы мемлекеттік қолдау шаралары, атап айтқанда, мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдер де жасанды интеллект көмегімен тағайындалады.
"Жүйе алушыларды алдын ала анықтап, төлем тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды", – деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, қыркүйек айында eGov Mobile арқылы өтініш беруге мүмкіндік жасалады. Ал қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың атаулылығы мен мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр.