Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Фото: Ашық дереккөз
Қазір халықтан садақа алу үшін түрлі амалдар табылған. Экранды тоқтатып, өзіңе лотерея секілді түскен соманы парақшаның төменгі бөлігінде көрсетілген есепшотқа аудару керек.
ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұловтың айтуынша, мұндай әрекеттер діннің рухына да, қоғамның сеніміне де кері әсер етеді.
«Желіде ақша жинаумен айналысатындар – көбінесе мүфтиятқа еш қатысы жоқ, оған бағынбайтын жеке қорлар мен тұлғалар. Басқарма әлеуметтік желі арқылы халықтан ақша жинап, медресе салу туралы ешқандай үндеу жасамайды, тіпті мұндай әрекеттерді құптамайды», деді Хасан Аманқұлов.
Қайырымдылық жасаушы азаматтар да сақ болғаны жөн. Әлеуметтік желідегі кез келген хабарландыруға сене бермей, қаражат жинап отырған адамның немесе ұйымның заңды мәртебесін, ресми байланыс құралдарын және есеп беру тәжірибесін тексерген дұрыс. Себебі интернет алаяқтарының діни тақырыпты да өз пайдасына пайдаланып жүрген жағдайлары кездеседі.
«Күмәнді қорлардың артында белгілі бір топтардың жеке мүддесі тұруы ықтимал. Сондықтан, садақаның дұрыс жерге жетуі үшін оны беймәлім шоттарға аудармағаныңыз жөн. Көмекті ең алдымен өзіңіз жақсы танитын мұқтаж жақындарыңызға немесе өз аймағыңыздағы ресми мешіттерге бергеніңіз әлдеқайда сенімді әрі сауапты», деді бөлім меңгерушісі.
Елімізде діни ұйымдардың қызметі заңмен реттеледі. Ресми тіркелген мешіттер мен медреселердің өз есепшоты бар. Сондықтан қайырымдылық жасағанда қаражатты мүмкіндігінше ресми есепшоттарға немесе сенімді ұйымдарға аударған дұрыс.
«Мешіттер мен медреселердің құрылысы әлеуметтік желіде қайыр тілеу арқылы жүрмейді. Бұл нысандар ел ішіндегі ауқатты азаматтардың тікелей демеушілігімен немесе жергілікті тұрғындардың асарлатуымен бой көтереді. Себебі мешіт салуға ниет еткен жан алдын ала құрылыстың барлық шығынын толық өзі көтеруге уағдаласып, жауапкершілікті өз мойнына алады», деді Хасан Аманқұлов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайда өңірлердегі кәсіпкерлердің мешіт салғанын құптап, алайда қазіргі уақытта әлеуметтік нысандарды салу әлдеқайда маңыздырақ екенін айтқан болатын.
«Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық. Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады», деді Мемлекет басшысы.
Қайырымдылықтың ең абзалы – қоғамға нақты пайдасы тиетін іс. Сондықтан әрбір адам садақа берерде оның қайда және қандай мақсатқа жұмсалатынын ойланып шешкені жөн.