Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Министрлік өкілі қазір әлеуметтік желіде онлайн консультациялар көбейгенін атап өтті. Қарапайым тұрғындардың өзі психологиялық немесе қаржылық консультацияларды ақшаға сатып алуға дайын екенін көрсетіп отыр.
— Сондықтан депутаттық корпуспен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, психологиялық қызмет көрсету саласын реттеу қолға алынды. Басты мақсат – халықты сапалы әрі ашық психологиялық көмекпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар жалған ақпараттың таралуына жол бермеу, алаяқтықтың алдын алу және тиімді қызмет көрсетуді көздеп отырмыз, — деді Қанат Ысқақов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Бұған қоса, заң жобасы аясында уәкілетті органның қарамағында арнайы реестр жасалады. Аталған тізілімге тиісті дипломы немесе сертификаты бар білікті психологтар енгізіледі. Заң талаптарына сәйкес, реестрге енбеген мамандар психологиялық қызмет көрсету құқығынан айырылады.
— Тізілім ашық түрде жарияланады. Осылайша, психологиялық көмекке жүгінген әрбір азамат маманның біліктілігін тексеріп, сенімді әрі кәсіби психологты таңдай алады, — деді бірінші вице-министр.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жалған «псевдопсихологтар» көбейген. Осыған байланысты халықтың медиасауатын арттыру ерекше маңызға ие.
Мамандар азаматтарды кез келген ақпаратты мұқият тексеруге шақырады.
Атап айтқанда, ұсынылатын қызмет бойынша психологтың лицензиясын тексеріп, ресми келісімшарт жасау қажет. Бұл шаралар психологиялық қызмет көрсету сапасын арттырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Айта кетейік, «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданды.