24.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Астанадағы мектептердің бірінде оқитын екінші сынып оқушысы буллингке ұшырады. Бұл туралы ата-аналар оқушылардың ватсап желісіндегі хабарламаларынан білген.
Осылайша, қызға өшіккен балалардың жаға ұстатар жазбалары бұқараға жария болды. Айта кетейік, жуырда ғана депутаттар жасөспірімдерді әлеуметтік желілерден шектеу туралы бастама көтерген еді. Бұндай қадам оқушылардың қауіпсіздігі үшін қаншалықты тиімді? Жеткіншектерді қайтсе цифрлық кеңістіктегі қауіптен қорғауға болады?
Астанадағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназияда дау шықты. Өзге қаладан ауысып келген екінші сынып оқушысына әлімжеттік жасалған. Қызды жақтырмаған сыныптастары WhatsApp желісіндегі чатта оны қаншалықты жек көретінін жазып, талқылапты. Жаға ұстатар жағдайды біліп қалған ата-ана дереу директорға шағым түсірген.
Иманжан Сұлтан, Қалалық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы:
- Кешегі екінші сынып оқушыларының месенджердегі бейәдеп сөздеріне қатысты ата-аналармен бірге профилактикалық әңгіме жүргізілді. Мектеп әкімшілігінің тарапынан тәрбиелік жеке жоспары құрылды. Балалардың заңды өкілдеріне белгіленген тәртіпте әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кетерлігі, осы сияқты жайттарды болдырмас үшін жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеу туралы бастаманы Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында депутат Сергей Пономарев көтерген. Әріптесі Ерлан Сайыров бұл идеяны қолдайтынын білдіріп, Үкімет басшысының орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға өткен аптада депутаттық сауалын жолдады. Осыған қатысты бүгін біз депутаттың өзінен шектеудің нақты тетігі жайлы сұраған едік.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Еуропа елдері өздерінің жас жеткіншектеріне осы әлеуметтік желідегі шектеу туралы заңдарды шығарды. Қазір Еуропа Одағының өзі сондай заң шығарып жатыр. Енді Қазақстанда әртүрлі сарапшылар өздері зерттей жатар, 14 немесе 16 жасқа дейін осы әлеуметтік желілерді қолдануға шектеу жөнінде мәселені қою керек. Біз осы бойынша депутаттық сауал жібердік. Менің ойымша бұл мәселемен өкімет қазір айналысып жатыр.
Оқу-ағарту министрі оқушылардың әлеуметтік желілерді қолдану жасын шектеу қарастырылып жатқанын растады. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оның үш түрлі амалы бар.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Әуелі балалардың сим-карталарын тіркегіміз келеді. Бұл – бірінші жолы. Екінші тәсіл – 14 жасқа дейінгі балалар үшін зиян, заңға қайшы контенттің мониторингі. Үшіншісі, қазір мектептерде цифрландыру пәні бар, сондай-ақ медиа сауаттылық пәні енгізілген. Міне, осы пәндердің аясында оқушыларды цифрлық кеңістікте дұрыс әрекет етуді үйрету маңызды. Ал әлеуметтік желілерден шектеу мәселесін ата-аналармен, медиамен қоғамдық талқылауға салғанымыз жөн. Жұмыс тобы құрылды. Оның жиналысы өткен кезде хабарлаймыз.
Құзырлы орган тиісті ереже қабылдап, оны заң жүзінде бекітуге біраз уақыт кететіні белгілі. Оған дейін цифрлық кеңістіктегі қауіптің бетін қайтаруға ата-аналар мейлінше ден қойғаны ләзім. Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны Айжан Кенжеғұлова кәмелетке толмаған үш баласына әлеуметтік желіге тіркеліп, аккаунт ашуға рұқсат бермеген.
Айжан Кенжеғұлова, ата-ана:
- Біз телефонды тек байланыс құралы ретінде қолданамыз. «Қайда жүрсің? Қай жақтасың? Сабақтан келдің бе?» дегендей бір-бірімізбен хабарлама алу үшін қолданамыз. Ал мектеп бітіргеннен кейін болашақта әлеуметтік желіге тіркелу керек болса, ол кезде өз еркі. Әзірге мектеп табалдырығында ондайға ата-ана ретінде рұқсат берген жоқпын.
Жалпы мектепте жүрген балаларды әлеуметтік желіден аулақ ұстаудың тағы бір жолы бар. Мәселен, Түркістан қаласындағы барлық білім ордасы «Смартфонсыз мектеп» жобасына көшкен. Қазір оқушылар қалта телефонын мектепте қолданбайды. Сыныпқа кіргенен кейін бірден арнайы қорапқа салып қояды. Бұл бастаманы ата-аналар да, ұстаздар да құптаған.
Ләззат Нысанқұлова, №28 мектеп-лицейінің директоры:
- Қолында ұстап отырғаннан кейін сабақтың белгілі бір кезеңдерінде бала ойын ойнағысы келіп, соған ыңғайланып отырады. Сол кезде баланың қолында телефон болмаса, оның зейіні сабаққа ауады. Қазір балалар қалыптасып, үйреніп қалды. Таңертең келген бойда телефондарын жәшікке тапсырып, жинап қойып, сабақтың соңында өзімен бірге алып кететін жағдайға жетті қазір.
Әлеуметтік желіден келер қауіптен жеткіншектерді қорғаудың сан-түрлі жолы бар. Цифрлық сананы қалыптастырып, сауатты тәрбиелеу – мемлекет қана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Дегенмен тиісті заң жобасы тезірек қабылданса, әңгіме басында айтылған оқушылар буллингі де кеми түсер бәлкім.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Асылжан Құрманғали, Жандос Жұмабек