Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған мыңдаған жанға құшағын ашып, аялы алақанның жылуын сездірген қазақ халқының адамгершілік болмысы да дәл осы күні ерекше аталады. Осы орайда 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында Жамбыл облысында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жүрекжарды лебіздерін білгенді жөн көрдік.
Мейірім символы
– Бұл күн – ең алдымен, тағдыр тоғыстырған барша этнос өкілдерінің бір-біріне, қазақ халқына және кеңпейіл қазақ жеріне деген ризашылығын білдіретін, татулық пен бірлікті дәріптейтін маңызды мереке.
1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Осы тарихи күннің негізінде 2016 жылдан бастап Алғыс айту күні ресми түрде аталып келеді. Бұл мереке – еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің жарқын көрінісі.
Бүгінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірдегі этносаралық татулықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктер, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі және жастар ұйымдары бірлік пен өзара құрметті насихаттауға бағытталған көптеген игі шараны жүзеге асыруда.
Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» КММ этносаралық қарым-қатынасты дамыту және ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мекеменің ұйытқы болуымен түрлі «дөңгелек үстел» отырыстары, қайырымдылық акциялары, кездесулер мен мәдени шаралар ұйымдастырылып, өңір тұрғындары арасындағы өзара сыйластық пен түсіністік нығая түсуде.
Алғыс айту күні – өткенге тағзым етіп, бүгінге шүкіршілік айтып, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін мереке. Бұл күн – бірлік пен келісімнің, мейірім мен жанашырлықтың символы.
Баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, береке-бірлік, татулық пен тұрақтылық тілеймін. Еліміздің ынтымағы нығайып, бейбітшілігіміз мәңгі болсын!
Абзалбек МЕҢДІБАЕВ,
«Манас ата» қырғыз этномәдени
бірлестігінің төрағасы
Бір үзім наннан басталған бауырластық
– Бұл күн ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерінің тағдырымен тығыз байланысты. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқы жатсынбай, бауырына басып, барымен бөлісіп, адамгершілік пен кеңпейілдіктің үлгісін көрсетті. Қиындықты бірге еңсеру халықтар арасындағы сенім мен сыйластықтың негізін қалады. Бір үзім наннан басталған бауырластық бүгінде ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келеді.
Алғыс айту күні – сол жанашырлыққа тағзым ету, өткеннің сабағын ұмытпай, бейбіт өмірдің қадірін білу күні. Бұл мереке қоғамдағы өзара құрметті, татулық пен ынтымақты нығайтуды көздейді. Алғыс айту тек тарихи ризашылық емес, ол – бүгінгі күнге, тәуелсіз елдегі тұрақтылық пен келісімге шүкіршілік білдіру.
Баршаңызды көктемнің алғашқы күнімен келетін 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға амандық, бақ-береке, бірлік пен өзара түсіністік тілеймін. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрып, ынтымағымыз арта берсін!
Зайнуддин МАХУСЕЕВ,
республикалық дүнген этномәдени
бірлестігінің төрағасы
Ізгілік пен жанашырлық мерекесі
– Алғыс айту күні – жай ғана алғыс білдіру емес, тарихи жадыны жаңғырту, қиын кезеңдерде бір-біріне сүйеу болған халықтардың өзара құрметін дәріптеу, ел бірлігінің қадірін бағалау күні. Өткен ғасырдың күрделі кезеңдерінде Қазақстан жеріне депортацияланған миллиондаған адамды бауырына басқан қазақ халқының кеңпейілдігі – бүгінгі қоғамдық келісімнің іргетасы.
Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы осы құндылықтарды өңірлік деңгейде жүйелі түрде іске асырып келеді. Ассамблея аймақтағы этносаралық татулықты нығайту, мәдени әралуандықты сақтау, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу, жастар бастамаларын қолдау, қайырымдылық және қоғамдық диалог алаңдарын дамыту – бұл ұйым қызметінің маңызды бағыттары.
Ал «Қоғамдық келісім» КММ этносаралық саясатты іске асырудың практикалық тетігі ретінде өңірде нақты жобалар мен іс-шараларды үйлестіреді. Мекеме этномәдени бірлестіктердің жұмысын жүйелеп, медиативтік қызметті дамытып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы тұрақтылық пен өзара сенім мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуда. Бұл – мемлекеттің бейбітшілік пен келісім саясатының нақты көрінісі.
Осы айтулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Елімізде ынтымақ пен тұрақтылық салтанат құрып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік нығая берсін! Әр отбасыға амандық, береке, өзара түсіністік пен мол игілік тілеймін!
Фарида НАҚЫШ,
«Қазақстандық татар және башқұрт конгресі»
республикалық қоғамдық бірлестігі
Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы
Саятхан САТЫЛҒАН