Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бородулиха ауданы прокуратурасының тексеру нәтижелері бойынша балаларды асырауға арналған алиментті қасақана төлемеген тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Анықталғандай, бір борышкер екі баласына алимент төлеуден жалтарып, әдейі жұмысқа орналасудан бас тартқан. Соның салдарынан оның берешегі 1,7 миллион теңгеден асқан.
Тағы бір жағдайда борышкер екі баласына 700 мың теңгеден астам қарызы бола тұра, жұмысқа орналасқаны туралы жеке сот орындаушысына хабарламаған.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ауданның екі тұрғыны ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 12 алимент борышкері мен өндіріп алушылардың қатысуымен көрсетілімді сот процестері өткізілді.
Аудан прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, ата-аналарды өз міндеттерін уақтылы орындауға шақырды.