Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Федерация президенті Рақымжан Ерденбековтың айтуынша, В сынамасын ашу рәсімі бүгін АҚШ-тың Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында халықаралық антидопингтік регламенттерге толық сәйкес өткізілген.
– Бүгін Солт-Лейк-Сити қаласында (Юта штаты, АҚШ) қолданыстағы халықаралық антидопингтік регламенттер аясында және барлық процессуалдық талаптарды сақтай отырып, спортшы Жәнібек Әлімханұлының В сынамасын ашу рәсімі жүргізілді. Бұл рәсім объективті әрі тәуелсіз тексерістің негізгі элементі болып табылады, – деді Рахимжан Ерденбеков.
Оның айтуынша, сынаманы ашу рәсімі спортшы командасының өкілдері, бейінді мамандар және белгіленген тәртіппен қатысуға рұқсат етілген барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өткен.
– Бұл өз кезегінде қандай да бір процессуалдық заңбұзушылықтың болу мүмкіндігін толық жоққа шығарып, барынша ашықтықты қамтамасыз етеді, – деп атап өтті федерация басшысы.
Рақымжан Ерденбековтің сөзінше, рәсім аяқталғаннан кейін В сынамасы мөрленіп, тиісті зерттеулер жүргізуге уәкілетті халықаралық аккредиттелген зертханаға ресми түрде тапсырылған.
– Талдау бірыңғай стандарттарға сай, қандай да бір араласусыз немесе сыртқы ықпалсыз жүргізілуде, – деді ол.
Федерация президенті қазіргі кезеңде қандай да бір қорытынды жасауға немесе айып тағуға негіз жоқ екенін ерекше атап өтті.
– Қазіргі уақытта қандай да бір заңдық немесе фактілік қорытынды жасауға, айып тағуға немесе интерпретация беруге негіз жоқ. Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы спортшының кінәсіздік презумпциясын және рәсімге деген құрметті қатаң ұстанады, – деді Рақымжан Ерденбеков.
Ол федерация ұстанымы өзгеріссіз екенін айтты. Атап айтқанда, федерация:
– таза әрі адал спортты қолдайды;
– халықаралық антидопингтік тетіктерді құрметтейді;
– ресми зертханалық қорытынды шықпай тұрып, алыпқашпа ақпаратқа, қысымға және ақпараттық дүрбелеңге жол бермейді.
– Қоғамдық қызығушылықты түсінеміз, сондықтан жағдайға сабырмен, салмақты түрде және тек құқықтық алаңда әрекет етуді дұрыс деп санаймыз. Тек ресми зертханалық талдау нәтижелері ғана кейінгі шешімдер мен жария мәлімдемелерге негіз болады. Жағдайдың дамуы туралы ақпарат белгіленген тәртіппен, уақтылы және расталған құжаттар негізінде хабарланады, – делінген Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы В допинг-сынамасын ашуға байланысты жеке мәлімдеме жасаған болатын.