Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
– Әлия Құсайынқызы, әңгімемізді Президент архивінің қорынан бастасақ. Бүгінде архив қорында қандай құжаттар бар?
– Қазіргі уақытта біздің архивте 800-ден астам қор бар. Нақтырақ айтқанда, 1,5 миллионнан астам архивтік сақтау бірлігін, Алматы қаласында 28 км, Астана қаласында 43 км архив стеллажын құрайды. Бұлар – ХХ ғасырдың қоғамдық-саяси тарихынан сыр шертетін құжаттар және 1991 жылдан бергі тәуелсіз Қазақстанның құжаттық мұрасы. Сондай-ақ 2022–2023 жылдары ХХ ғасырдың қасіретті кезеңдеріне қатысты архив қорлары қабылданды. Қабылданған тарихи деректер көлемі архивімізде соңғы жүз жыл бойы жинақталған барлық құжаттың көлемінен асып түсті.
– Цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы архив саласына қандай жаңа мүмкіндік әкелді?
– Цифрландыру жұмыстары барлық салаға қарқынды ықпал етіп, дамудың жаңа көкжиегін ашып жатыр. Соның ішінде Президент архивіне де тың мүмкіндіктер мен жаңа серпін берді. Цифрландыру жұмыстары деректерді сақтап қана қоймай, оларды игілік пен құндылықтың қайнар көзіне айналдыратын экожүйе қалыптастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында айтқанындай, бір кездері электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллектінің жолға қойылуы да дәл солай ықпал етті.
Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да еліміздің жаһандық цифрлық кеңістіктегі ұстанымын нығайтуға жол ашты. Сондай-ақ жаңа Конституция қабылдау арқылы мемлекет азаматтардың цифрлық құқықтарын, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оларды құрметтеу міндеттемесін жоғары деңгейде бекітті. Мемлекет дамуындағы мұндай маңызды қадам тек заңнамалық жаңалық қана емес, сонымен бірге еліміздің даму бағытын айқындайтын стратегиялық шешім және экономиканың барлық саласында цифрландырудың басымдығын бекітетін декларация саналады. Мемлекеттің осындай ауқымды іс-шаралары тұжырымдамалық сүйемелдеуге, стратегиялық жоспарлауға қолайлы негіз қалыптастырып, соның ішінде архив саласының дамуына да тиімді бағыт беріп отыр.
– Архив қызметкерлерінің цифрлық архивтің жаңа құралдары мен әдіснамасын әзірлеуге тікелей қатысуы қандай өзгерістерге жол ашады?
– Отандық архивтердің даму мүмкіндіктерін арттыру жолдарын іздеуі жұмыс әдістерін қайта зерделеуге негіз болады. Бұл үдеріс архившілердің цифрлық дәуірдегі архив ісінің жаңа құралдары мен әдіснамасын әзірлеуге тікелей атсалысуымен байланысты. Менің ойымша, дәл осы ұстаным бүгін Астанада өтетін III халықаралық архившілер конгресі – «Digital Archive EXPO» (DA-EXPO) форумының өзегіне айналады.
Цифрлық қоғамның жаңа келбеті жағдайында құжаттың алатын орны оның мәні мен маңызын, сондай-ақ оған деген қоғамдық көзқарасты айқындайды. Құжаттар мен құжат айналымы – мемлекеттік институттардың тиімді қызмет етуі мен өзара үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз ететін, бүкіл жүйенің тіршілігін сақтайтын «қан тамырлары» іспетті маңызды жүйе. Сол жүйенің жай-күйіне мемлекеттік басқарудың тұрақтылығы мен нәтижелілігі тікелей тәуелді.
Зерттелетін мәселелерді көрме арқылы терең зерделеу форматы Еуропа мен әлем жұртшылығына бұрыннан жақсы таныс. Сонымен қатар архив тәжірибесіне көрме жұмысы да түбегейлі сіңісіп кетті. Бір жарым ғасырдан астам уақытта архивистиканың бүкіл бағыты – архивтердің ақпараттық қызметі (көрмелер, жобалар және т.б.) қалыптасты. Осы ретте Халықаралық архившілер конгресі үшін ЕХРО идеясы кездейсоқ таңдалмағанын айта кету қажет. Бұл дәстүр қазіргі архивистиканың ішкі жай-күйіне құлақ асуға деген ұмтылысты, архив мәселелеріне қоғам назарын аударуды және көпшілік кеңінен түсінетін нысандар арқылы цифрлық ақпарат ағынының басқарылатынын жеткізуге тырысады. Президент архивінің бұл бастамасы архивтердің жаңа рөлін талқылауға, атап айтқанда, цифрлық дәуір жағдайында деректердің шынайылығын растауға, ақпараттық гигиенаны қамтамасыз етуге, Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы (1948) қағидаттарының сақталуына мүмкіндік береді.
– Жасанды интеллектінің дендеп енуі архив саласына айтарлықтай ықпал ете алды ма?
– Соңғы жылдары жасанды интеллект технологиялары архив саласына түбегейлі еніп, жаңа серпін әкеліп жатыр. Архив саласы үшін орасан зор мүмкіндіктер ашады. Атап айтсақ, құжаттарды таңдауды оңтайландыру, деректерді енгізуді, тануды және талдауды автоматтандыру, өңдеу жылдамдығын арттыру. Сондай-ақ жасанды интеллектінің оңтайлы шешіп беретін нақты міндеттері қатарына құжаттардың құндылығын сараптау, сақтау мерзімдерін бақылау, архивтік сипаттамаларды құру, интеллектуалды іздеу, чатботтар мен цифрлық көмекшілер арқылы пайдаланушыларға қашықтан қызмет көрсету де жатады. Алайда бұлар – жасанды интеллект мүмкіндігінің теңіздің тамшысындай ғана бөлігі.
Қазіргі уақытта назарымыздан тыс қалып отырған және III конгресте ерекше назар аударғымыз келетін нәрсе – архив дүниетанымының өзін түбегейлі трансформациялау және қайта ойластыру мәселесі. Осы ретте канадалық ғалым Л.Дюрантидің архившілер өзгерістерді зерделеп қана қоймай, оны жаңа шынайылық ретінде қабылдауы қажет екені туралы айтқан сөзі еске түседі.
– Өзіңіз басқаратын архивтегі цифрландыру жұмыстарына тоқталып өтсеңіз. Бұл бағытта нақты қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр? Жасанды интеллектіге негізделген қандай IT-шешімдерді іске қосып үлгердіңіздер?
– Президент архивін 2035 жылға дейін дамытудың жеті басым бағытының ішінде цифрлық трансформацияның орны ерекше. Халықаралық озық тәжірибелерді архив мекемесінің нақты жағдайларына бейімдеу бағындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің архивтің цифрлық трансформация стратегиясы дәстүрлі жұмыс алгоритмдерін архивтік менеджменттің жаңа әдіснамасына көшіру идеясына негізделген. Бұл әдіснама цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын архивтің барлық өндірістік үдерістеріне бірдей деңгейде енгізуді көздейтін «тең міндеттілік» қағидатын қамтиды.
Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан озық жобаның бірі – орыс және қазақ тілдеріндегі қолжазба және машинкамен терілген мәтіндерді тануға арналған «AI Archival Recognition System» жүйесі. Бұл жүйе біртұтас мәліметтер базасын құра отырып, құжат құрылымына қарай ақпараттың орналасу өрістерін, реквизиттерін және мәтін түріндегі деректерді ажырата алады. Ең бастысы, бұл жоба интернетке қосылмайтын және толық қорғалған жабық жүйе аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, өңделетін құжаттар саны 40 есеге артты.
Архив құжаттарына қолжетімділікті арттыру аса маңызды. Сол себепті осы мақсатта әзірленген екінші цифрлық жасанды интеллект – «AI Mura – Virtual Guide» жүйесі. Бұл жүйе пайдаланушылармен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ олардың сұрақтарына архив деректерімен расталған құжаттарға сүйене отырып жауап береді.
Президент архивінің ең басты тың жаңалығы ретінде «АI Geotopography» жобасын айтар едік. Біз басқа архив мекемелерінің бұған ұқсас тәсілдерді пайдаланғанын байқамадық. Бұл жоба Астана және Алматы қалаларындағы архивтік қоймаларды басқару үдерістерін цифрлық «қосарланған» форматта талдауға және болжауға негізделген. Сондай-ақ бұл жүйе берілген техникалық параметрлер мен істерді QR кодтау негізінде архив қорларының бірыңғай цифрлық картасын өздігінен қалыптастырады. Сонымен қатар олардың орналастыру топографиясын әзірлейді, архив қоймасының паспортын автоматты түрде жасайды, құжаттарды сақтау шарттарындағы ауытқуларды анықтайды және оларды жоюдың нақты шешімдерін ұсынады. Одан бөлек әрбір архив қоймасының жағдайы, яғни температура, ылғалдылық, толымдылық деңгейі, сондай-ақ кез келген ауытқулар нақты уақыт режімінде көрсетіледі.
Сондай-ақ «QuralAI Assistant» деп аталатын жасанды интеллект көмекшісі жайында да айта кетейік. Құжаттарды сараптамадан өткізу – архившілер жұмысындағы күрделі үдерістердің бірі. Себебі жұмысты рәсімдеу айтарлықтай қиын. Соған қарамастан архивте жасанды интеллектіге негізделген көмекшіні, яғни шартты түрде айтқанда «кіші» сарапшыны қанатқақты режімде сынақтан өткізіп, айналымға енгіздік. Бұл жүйе құжаттардың құндылығына тарихи сараптама жүргізуге арналған және жасанды интеллект үшін релевантты белгілерге сүйенеді. Оның мақсаты – сараптамалық қорытынды дайындауға жәрдемдесу және түпкілікті шешімді архивші-сарапшының қабылдауына қолдау көрсету.
Президент архивінде қолданылатын аталған IT шешімдерінің барлығы жасанды интеллектімен жұмыс істеуге болатынын және қажет екенін көрсетеді. Бұлар – отандық архив саласының «Электрондық архив» тұжырымдамасынан «зияткерлік архив» дүниетанымына көшу бағытындағы алғашқы қадамдар. Бұл қадамдар еліміздегі біртұтас архивтік экожүйені қалыптастыру мәселесін шешуге арналған. Өйткені біз кезіктірген мүмкіндіктер, перспективалар мен проблемалар барлық архившіге тән екені анық.
– Жасанды интеллект архив саласының дамуына қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер әкеледі?
– Жасанды интеллектінің үлкен күшке ие екеніне көзіміз толықтай жетті. Ол архившілердің атқаратын күнделікті қызметтерін өз қолына алып, адамның әлеуетін жоғары деңгейлі міндеттерге бағыттайды, архивті жаңа деңгейге шығарады. Сонымен бірге жасанды интеллект адамның қолындағы құрал және оны тиімді қолдану пайдаланушының өзіне байланысты екенін де түсіну керек. Жасанды интеллектінің өзін-өзі оқыту, өзін-өзі генерациялау, адаптивті алгоритмдер құру қабілеті кәсіби қауымдастықта жиі талқыланатын бірқатар тәуекелдерді де тудырады. Сондықтан бұл өзгерістерге сақтықпен қарап, алдын ала ойланып, сонымен қатар оған бейімделу қажет. Себебі бұл прогресті тоқтату мүмкін емес.
– Жасанды интеллект архивтердің қоғамдағы рөлін қалай өзгертеді және бұл өзгерістер архив қызметіне қандай жаңа міндеттер жүктейді?
– Жасанды интеллект қоғамдағы архивтердің позициясын өзгертіп жатыр. Архивтер енді құжаттарды сақтаушы қойма ғана болмайды. Ол деректері тексерілген сенім инфрақұрылымына, яғни тексерілген деректермен қамтамасыз ететін кеңістікке айналады. Сонымен қатар архив сот процестері, журналистік зерттеулер және ғылыми жарияланымдар үшін бастапқы дереккөздерді верификациялай алады. Сондай-ақ инфрақұрылымдық сын-қатерлердің сипаты да өзгеріп жатыр. Егер бұрын архившілер «архив сөрелерінің жетіспеушілігі» туралы айтып келсе, қазіргі уақытта цифрлық архив инфрақұрылымының дамуы алға шықты. Қауіпсіздік мәселесі сыртқы факторларға тәуелді екені белгілі әрі ол бүгінде жаһандық сипат алып отыр. Нейрондық желілер толық енгізілетін кезде архив қоғамдастығының бейтарап және енжар болуына құқығы жоқ. Өйткені жасанды интеллект архив саласына түбегейлі енетіні сөзсіз. Сондықтан бұл үдеріске белсенді түрде араласпасақ, өзіміздің әдіснамалық негізімізді, сараптамалық әлеуетімізді, тіпті тарихты дереккөз арқылы тексеру функциясын бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін.
– Жасанды интеллект дәуірінде архив саласында нормативтік-құқықтық база мен терминологиялық жүйені жаңарту маңызды екені белгілі. Бұл бағытта қандай негізгі мәселелер туындауы мүмкін?
– Президент архивіндегі жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі көрсеткендей, нормативтік және әдістемелік база түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Технологиялық жаңару архив саласындағы заңнамадан озып келеді, ал заңнама бүгінде жаңа шынайылықты реттеудің негізгі құралы ретінде алдыңғы қатарға шықты. Мұндай кезде архив қауымдастығына кең ауқымды келісім негізінде әзірленген халықаралық стандарттар қажет. Бұл қолданыстағы ережелерді қайта қарауды және ақпараттық технологиялардың ерекшеліктерін ескеретін жаңа регламенттерді, рәсімдер мен нормаларды әзірлеуді көздейді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта архив ісінде жасанды интеллектіні қолданудың әмбебап қағидалары әлі қалыптасқан жоқ.
Цифрландыру дәуірінде пәнаралық сипаттағы терминдер мен ұғымдардың толассыз көптігіне куә болып отырмыз. Алайда бұл терминдерге қандай мағына беретініміз жөнінде әлі де ортақ келісімге келе алған жоқпыз. Мысалы, ұлттық архивтік терминдер корпусы, әдетте, шамамен 300 кәсіби терминді қамтиды. Еліміздің архив тәжірибесіне енгізілген халықаралық терминдердің саны шамамен 200-ге жуық. Ал архившілер тәжірибесінде қолданылатын, бірақ ұлттық нормативтік-құқықтық актілермен реттелмеген ұғымдар саны 500-ден асады. Осы жерде бір мысал келтірейін, архивтанудың негізгі әрі өзекті ұғымы саналатын «құжат» терминіне әрбір сала маманы әртүрлі мағына береді. IT мамандар, тарихшылар, зерттеушілер, қоғам өкілдері, гуманитарлық сала мамандары, инженерлер мен саясаткерлер оны дерек, ақпарат, хабарлама, сілтеме, коммуникация, мәлімет немесе дереккөз ретінде түсіндіреді. Ал біз, архившілер, бұл ұғымға мүлде өзгеше мазмұн береміз. Осы мәселені екі жыл бойы зерттеген мамандарымыз «құжат» терминінің шамамен 30 түрлі түсіндірмесін анықтады. Олар мағыналық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан өз саламызда қолданатын ұғымдардың мән-мағынасы жөнінде ортақ түсінікке келу маңызды.
– Цифрлық технологиялар архившілер даярлау стратегиясын түбегейлі өзгерткені белгілі. Қазір қандай мамандарға сұраныс жоғары?
– Рас, цифрлық технологиялар архившілердің кәсіби стандартына бұрын енбеген жаңа құзыреттерге ие мамандар даярлау мәселесін туындатты. Қазіргі уақытта архивтану саласындағы білімді аналитикалық, инженерлік-техникалық және цифрлық дағдылармен ұштастыра алатын, деректерді басқару мен автоматтандырылған өңдеу нәтижелерін талдай білетін мамандарға сұраныс артып келеді. Бізге интеллектуалды архивтік жүйелерді жобалап, оларды сүйемелдей алатын «архив инженерлері» қажет. Бұл мәселе 2025 жылы Барселонада өткен Халықаралық архив конгресінде де жаңа кәсіби функциялар мен мамандану бағыттарын талқылау барысында кеңінен көтерілді. Сонымен қатар әрбір архив қызметкерінің бойындағы табиғи интеллектінің маңызын ұмытпау аса маңызды. Архившінің когнитивтік қабілеттері өзінің шешуші рөлін сақтап қана қоймай, жасанды интеллект кеңінен қолданылатын қоғамда бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Табиғи және жасанды интеллектінің өзара ықпалдастығы мен синтезін қайта пайымдау жаңа кәсіби біліктілік моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал оның бастауында мағына қалыптастыратын, пайымдай білетін және жауапкершілікті сезінетін адам тұратыны белгілі.
– Әрине, цифрлық қоғам жағдайында архивтердің жауапкершілігі өте маңызды. Одан бөлек қоғамға ашықтығы да архив ісін алға сүйрейтіні анық. Сұхбатымыздың соңын осыған қатысты ойыңызбен түйіндесеңіз.
– Қазіргі уақытта архивтер өз жауапкершілігін бұрынғыдан да айқын сезіне бастады. Қоғамның өз тарихын білу құқығы мен жеке тұлға және мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау – кәсіби қауымдастықтан нақты жауапты талап ететін бүгінгі заманның негізгі сын-қатерлерінің бірі. Бұл сын-қатердің жаңа қырлары «ашық архивтер» тұжырымдамасы мен цифрлық қоғам философиясының үйлесімді түрде қатар өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесімен байланысты. Ал архившінің ұстанымы цифрлық архив экожүйесінің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі саналады. Менің ойымша, қазіргі қоғамда бұрынғыдан да өзекті сипатқа ие болып отырған құжат – архившілердің 1996 жылғы халықаралық этикалық кодексі. Ал 2026 жылы ресми түрде қабылданған Халықаралық архив кеңесінің «Цифрлық құқықтар туралы мәлімдемесі» архивтердің эволюциялық дамуының негізгі тұжырымдамалық негізін айқындады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бірі Жұмахан Күдерин «этика» ұғымына мағынасы жағынан жақын «ақиқатты ұят» деген тіркесті айқындады. Ол бірмәнді түрде түсіндірілетін екі дербес қазақ сөзінің бойына көпқырлы мағынаны сыйғызып, жеке индивидтердің әртүрлі жағдайларда әлеуметтенуі арқылы бұл ұғымның мәнін ашты. Осылайша, ол адамды тірі организмдердің когнитивтік қабілеттер иерархиясындағы ең жоғары деңгей ретінде қарастырудың негізін қалады. Бұл архив ісі үшін қажет антропологиялық ілгерілеудің маңызды бір қыры саналады. Сондай-ақ архивтерді мемлекет тіршілігін қамтамасыз ететін құжаттық сүйемелдеудің «қан айналым жүйесі» ретінде қарастырғандағы олардың трансформациясын да осы тұрғыдан ойлау қажет.
Архив тарихтағы ауқымды өзгерістердің бастауында тұр. Цифрландыру, жасанды интеллект, сондай-ақ инфрақұрылымға, заңнамаға, кадрлық әлеуетке және кәсіби этикаға қойылатын жаңа талаптар – біздің негізгі даму бағыттарымыз. Жаһандық сын-қатерлер мен мемлекетіміздің ұлттық мүдделеріне жауап бере алатын жаңа тәжірибелерді күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қалыптастыра аламыз.
Әңгімелескен –
Серікбол ХАСАН,
«Egemen Qazaqstan»