Алматы әкімі Әл Фараби даңғылында болған жол апаты туралы пікір білдірді

30.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

- Әл-Фараби даңғылында адам шығынына әкелген жол апаты – қала үшін орны толмас қасірет. Қаза болғандардың ағайын-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Алматыда көлік саны күн санап артып, жолдарға түсетін салмақ көбейіп келеді. Жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтіп, жүйелі жұмысты жалғастырамыз, - деп жазды әкім.

Сонымен қатар Дархан Сатыбалды полицияға көлікті тұраққа дұрыс қоймаудан бастап өрескел заң бұзушылықтарға дейін қатаң шара қабылдауды тапсырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 290,2 шақырым болатын 360 көшеде, оның ішінде 17 магистральды көше орташа жөндеуден өтеді. Қазір жол жабынындағы ақауларды жою, люктер мен жаңбыр суын қабылдайтын құдықтардың шөгуін қалпына келтіру жұмыстары басталды.

- Мердігер ұйымдар жұмыстың сапасын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтауға тиіс. Бұл мәселе жеке бақылауымда, - делінген әкім жазбасында.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Кейін Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы жол апатынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью