Алматы индустриялық аймағының 500 ден астам қызметкері Respublica кандидаттарымен кездесті

09.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Respublica партиясының үгіт-насихат тобы кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесуде партияның тең төрағалары Сырымбек Тау мен Максим Барышев, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар Динара Наумова, Махамбет Хасенов және Жалынбек Жайнарбай сөз сөйледі.

«AI-ES» ЖШС матрас өндірісіне қажетті құрамдас бөлшектерді шығарады. Кәсіпорынның өндірістік аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік қуаты ай сайын 45 мыңға дейін матрас жасауға қажетті бөлшектер шығаруға мүмкіндік береді.

Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау отандық өндірісті дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашудың, халық табысын арттырудың және ел экономикасының тұрақты дамуының басты кепілі екенін атап өтті.

– Әрбір жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның артында нақты адамдар мен олардың отбасы тұр. Қазақстандық кәсіпкерлер өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, салықты өз елімізде төлесе, бұдан бүкіл экономика ұтады. Біздің міндетіміз – кәсіпкерге Қазақстанда өндіріс ашып, инвестиция құйып, кәсібін кеңейтуге қолайлы жағдай жасау, – деді Сырымбек Тау.

Максим Барышев партия құрамындағы көптеген азаматтың кәсіпкерліктен келгенін айтып, өндіріс пен бизнестің күнделікті мәселелерін жақсы түсінетіндерін жеткізді.

– Бизнесті нөлден бастап құрудың, қаржы табудың, құрал-жабдық сатып алудың, жалақы төлеудің және ұжым алдындағы жауапкершіліктің қандай екенін өзіміз бастан өткердік. Сондықтан кәсіпкер уақытын қағазбастылық пен әкімшілік кедергілерге емес, өндірісті дамытуға жұмсайтын жағдай жасауымыз керек, – деді Максим Барышев.

Жалынбек Жайнарбай өндіріс орындарындағы осындай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.

– Саясат кабинеттерден емес, халықпен кездесуден басталуы керек. Күн сайын еңбек етіп, өндірісті дамытып, отбасын асырап жүрген азаматтардың пікірін тыңдау – ең маңызды міндет. Дәл осындай кездесулерде көтерілген мәселелер кейін нақты шешімдерге айналуы тиіс, – деді ол.

Кездесу барысында Respublica өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, еңбек ұжымының сауалдарына жауап берді.

Партия өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірушілердің әлеуетін арттыру, өнеркәсіпті дамыту және сапалы жұмыс орындарын ашу Respublica сайлауалды бағдарламасының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью