Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта Әл-Фараби даңғылында болған жағдайға тәртіп сақшылары назар аударған. Бірнеше автокөлік жол ережелерін бұзып, өзара жарысқан. Оның ішінде: жолақты күрт ауыстыру, жылдамдықты асыру және өзге қозғалыс қатысушыларына кедергі келтіру деректері бар.
— Жедел әрекет ету барысында аталған көліктер тоқтатылды. Жүргізушілерге қатысты қауіпті маневр жасау және апаттық жағдай туындатқаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Көліктер мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Агрессивті жүргізу — қауіпсіздік талаптарын саналы түрде елемеу. Мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Осындай құқық бұзушылықтар міндетті түрде тоқтатылады, — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Әл-Фараби даңғылында жарыс ұйымдастырған бірнеше жүргізуші жазаланғанын жазғанбыз.
Одан бұрын Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты болды. Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. БАҚ пен әлеуметтік желіде бұл оқиғаға көше жарыстары себеп болуы мүмкін деген пікір айтылды.