Алматы облысында 44,6 млрд теңгеге 7 агрожоба жүзеге асырылады

19.03.2026

7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Алматы облысында 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында жалпы құны 44,6 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылмақ.
Бұл туралы өңірлік Ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады. Жобалардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және жаңа жұмыс орындарын құру. Сонымен қатар, бастамалар өңдеу өнеркәсібін дамытуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Мемлекеттік қолдау шаралары да өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, «СҚО тәжірибесімен АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды несиелеу бағдарламасы» аясында 4 млрд теңге бөлініп, екі жоба қаржыландырылған. Оның ішінде су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған «Alfalfa» ЖШС 1,5 млрд теңге алса, «Азия агро фуд» АҚ жүгеріні қайта өңдеу зауытын кеңейту үшін 2,5 млрд теңге игерген.

Бұдан бөлек, 2026 жылы осы бағдарлама арқылы тағы 5 млрд теңгеге 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту – өңірдегі ауыл шаруашылығын жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі. Оның сөзінше, жаңа жобалар заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттырумен қатар, өнімді терең өңдеуге жол ашады.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы аясында жалпы құны 708,7 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Айта кетейік, 2025 жылы Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніне тартылған инвестиция көлемі 178,2 млрд теңгені құрап, жоспар 145,4 пайызға орындалған. Ал бекітілген Жол картасы шеңберінде жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылды. Олардың қатарында сүт фермалары, жылыжай кешені, балық шаруашылығы, көкөніс қоймасы, құс фабрикасы және вафельді нан өнімдерін шығаратын зауыт бар.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью