Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жиында облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілері, сондай-ақ мемлекеттік тапсырмалардың формалды орындалуы негізгі күн тәртібіне шығарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында Алматы облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 1,26 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталған. Оның ішінде:
517,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған;
2025 жылдың өзінде 91,1 мың гектар жер қайта алынған.
Қазіргі таңда 323 мың гектар жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Сонымен қатар:
9,4 мың гектар жер бойынша сот өндірісі жүріп жатыр;
2,1 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде тіркелген;
272,6 мың гектарға қатысты жер салығын арттыру жөнінде ұйғарымдар берілген.
Сондай-ақ сенімсіз жер пайдаланушылармен келісімшарттарды бұзу мақсатында 1 059 жер учаскесіне (136 мың гектар) қатысты құжаттар әзірленіп жатқаны хабарланды.
«Біздің міндет – жерді қайтару ғана емес, оны нақты экономикаға енгізу. Биыл қосымша 40 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды, бес инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды және Алматы маңында үш индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырмыз», – деді Аманжол Әбдірахманов.
Мемлекет меншігіне өткен жерлердің 322,9 мың гектары қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Оның ішінде:
165,9 мың гектар – конкурс арқылы үлестірілген;
138,5 мың гектар – жергілікті тұрғындардың мал жаюына берілген;
18,5 мың гектар – инвестициялық жобаларға бағытталған.
2025 жылы бірқатар аудандар мен Қонаев қаласында сәулет және жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізілген. Нәтижесінде, жер учаскелерін беру кезінде және олардың мақсатты бағытын бас жоспарға қайшы өзгерту деректері анықталған.
Алдын алу шаралары ретінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері бекітіліп, мониторинг күшейтілді. Соның нәтижесінде, 2025 жылы заңбұзушылықтар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайған.
Кеңесте жер қойнауын пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаеваның мәліметінше, Алматы облысында шамамен 296 карьер жұмыс істейді. Өңірдің шикізат қоры облыс пен Алматы қаласының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша, пайдалы қазба өндіру көлемі 13 пайызға артты. Ал 2025 жылы бюджетке түскен түсім 18,2 млрд теңгені құрады», – деді Айгүл Манасбаева.
Алайда заңсыз өндіру мәселесі әлі де өзекті. 2025 жылы:
18 заңсыз өндіру фактісі анықталған;
алдын ала есеп бойынша 15,1 млрд теңге шығын келтірілген;
аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Әсіресе, Еңбекшіқазақ ауданындағы бір ауылдық округте бір жер учаскесінде заңсыз қазба өндіру дерегі жыл басынан бері 25 рет қайталанған.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұрын берілген тапсырмалардың толық орындалмағанын атап өтті.
«Жер мен жер қойнауын заңсыз пайдалану экономикаға да, экологияға да тікелей зиян келтіреді. Сондықтан барлық тапсырмалар формалды емес, нақты әрі толық орындалуы тиіс. Заңсыз шешімдер жойылып, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы қажет», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар әкім жерді қайтару бойынша сот жұмыстарын және тексерістерді күшейтуді, аумақтарды функционалдық мақсаттарына қарай нақты бөліп жоспарлауды, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын аяқтауды және Алматы агломерациясында ауыл шаруашылығы жерлерін бөлшектеу тәжірибесін тоқтатуды тапсырды.
Сондай-ақ заңсыз қазба өндіру орындарына бақылау бекеттерін орнату және ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейту жоспарланып отыр.