Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Алматы облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қауіпті химиялық зат – сынапты заңсыз сату дерегін тоқтатқан.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары облыстық прокуратураның үйлестіруімен және Алматы облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп жүргізілді. Арнайы операция барысында затты 100 миллион теңгеге сату кезінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.
Мәміле жасалған жерде жалпы салмағы 3 келіден асатын шыны колбадағы «металл сынап» заты тәркіленген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
– Сынап – аса улы, жоғары уытты химиялық элемент және адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Оның булары ауыр улануға, жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін, сондай-ақ ағзада және қоршаған ортада жиналып, ұзақ мерзімді зиян келтіреді, - деп түсіндірді полициядан.
Еске салайық, бұған дейін SMS-бластер арқылы алаяқтық жасаған қылмыстық топ ұсталды.