Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
АЛМАТЫ, 14 қазан – Sputnik. Алматы облысының Қарасай аудандық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы үкіммен келіспей, өзіне жарақат салды. Бұл туралы облыстық сот Sputnik Қазақстанға хабарлады.
Сотталушы өгей қызын бірнеше жыл бойы зорлады деп айыпталған. Сот отырысы жабық түрде өткен.
Сот оны 19 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Үкімді жариялау кезінде сотталушы шешіммен келіспейтінін айтып, темірге ұқсас затпен мойын тұсын жарақаттаған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, сотталушы ауруханаға жеткізілген.
Алматы облыстық сотының мәліметінше, оқиға 13 қазанда болған.
"Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасады деп айыпталған азаматқа үкім оқылды. Үкімді жариялау барысында сотталушы қарсылық ретінде өзіне дене жарақатын салды. Осыған байланысты тиісті құқық қорғау органдары мен сот әкімшілігі тексеру жүргізіп жатыр", – деп хабарлады облыстық сот.