Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Алматы облысында «Dog House – Твардовский дом» жануарлар панасының негізін қалаушы Владимир Тепляковтың өлтірілгені расталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, 7 қазанда ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған.
– Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап, ұстау үшін тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қылмыстық істің тергелу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Владимир Тепляковтың оққа ұшқаны туралы ақпарат тараған еді. Дегенмен полиция оның қандай жарақат алғанын нақтылаған жоқ. Тергеуге қатысты өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Владимир Тепляковтың қазасынан кейін өзі құрған панасында 90-ға жуық ит қараусыз қалу қаупіне тап болды. Қазір жануарларды қорғаушылар оларға жаңа иелер іздеп, көмек көрсетуге күш салып жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желілерде хабарланды.