Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Kazinform сауалына жауап берген Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, 2026 жылы өңірдегі бірнеше жоба үшін жер телімдерін мәжбүрлі түрде алу жоспарланып отыр:
— Қарасай және Іле аудандарындағы Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына (ҮАААЖ) шығатын алты радиаторлық жолдың құрылысы;
— Алматы–Бішкек тас жолындағы (24+750 км) «таға» үлгісіндегі көлік айрығы жобасы;
— Алматы метрополитенінің үшінші кезегі — Қарасай ауданындағы «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі желі құрылысы.
— Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін Қарасай және Іле аудандарының аумағында жол құрылысына түсетін 89 жер телімі мемлекет меншігіне алынады. Бұл Алматы қаласы мен Алматы облысының елді мекендері арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етуге, жол жүру уақытын қысқартуға, қолданыстағы көше-жол желісінің жүктемесін азайтуға, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Ведомство басшысының жауабына сәйкес, 2026 жылы жер телімдерін мемлекет мұқтажына сатып алу үшін шамамен 5,8 млрд теңге бөлінген. Ал былтыр Қарасай ауданында 5,7 млрд теңгеге 101 жер телімі сатып алынған.
Сонымен қатар облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылы жалпы ауданы 91,1 мың гектар болатын 298 учаске қайтарылған. Оның ішінде 15,7 мың гектары сот тәртібімен, ал 75,4 мың гектары ерікті түрде қайтарылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы-Қаскелең және Алматы-Талғар жолдары қашан кеңейтілетінін жазғанбыз.