Алматы облысында жылына 70 мың тонна жеміс көкөніс өңдейтін зауыт ашылды

21.06.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Алматы облысында жылына 70 мың тонна жеміс-көкөніс өнімін терең өңдейтін зауыт ашылды. Қазақстанда баламасы жоқ бұл кәсіпорын өңдеу өнеркәсібін дамытуда және елдің агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқармақ.

Жоба "Alpecon Group" серіктестігі мен Түркияның жетекші Göknur Gıda компаниясының серіктестігі негізінде жүзеге асырылды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңгені құрады. Өндірістік кешен 30 гектар аумақта орналасқан.

"Жобаны іске асыру екі кезең бойынша қолға алынуда. Бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс шикізатын өңдеп, 13 мың тонна жеміс-көкөніс шырындарының концентраттарын, пюре мен пасталарын өндіретін болады. Өнім негізінен экспортқа бағытталған, оның ішінде Түркия елі нарығына жеткізіледі", - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Екінші кезеңде алма қалдықтарынан пектин өндіру көзделген. Бұл әлемдік тамақ өнеркәсібіндегі ең перспективалы салалардың бірі саналады және қазіргі уақытта Қытай, Германия және АҚШ сияқты санаулы елдерде ғана дамыған. Жоспар бойынша кәсіпорын жыл сайын 1000 тоннаға дейін пектин және 3000 тонна алма талшығын өндіріп, Оңтүстік Корея мен Жапония нарықтарына экспорттайды.

Бүгінгі таңда кәсіпорында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Өндірістік қуатының артуына қарай қызметкерлер саны да көбеймек.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью