Алматы облысының тұрғыны шұбаттан балмұздақ өндіре бастады

25.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

 Кәсіпкер қазірдің өзінде жиырмадан астам балмұздақ түрін шығарады.

Ұлттық сусыннан өндірілетін тағамды облыс аумағы мен Алматыдағы дүкендерге өткізеді. Тәтті тағамға деген сұраныс жоғары.

Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Азангүл Әлбосын жұбайы екеуі мал шаруашылығымен айналысады. Түйе сүтін өңдеп, балмұздақ шығара бастады. Ол үшін Қытайда арнайы курстан өтіп, шағын цех ашты.

Азангүл Әлбосын, кәсіпкер:

- Енді бұл өздеріңіз де білесіздер шұбаттың қаншалықты адамға пайдалы екенін. Көбіне балалар ұнатып жейді балмұздақты. Сондықтан бұл балаларға ешқандай бір кері әсері жоқ, витаминдік құрамы өте көп. Балмұздақты жегеннен кейін ауырып қалу дегенді, бұл түйе сүтінен болғаннан кейін, мен ондайды көрген жоқпын осы күнге дейін. Бірақ қоректілігі жоғары.

Азангүлдің негізгі мамандығы заңгер. Қытайда сот органдарында қызмет етіп, 10 жыл бұрын атамекенге оралды. Олардың шаруашылығында 80 түйе бар. Мұнда тәулігіне 150 литр шұбат сауылады.

Жарқын Жұмағазы, қожалық басшысы:

- 2016-да түйе бастағанбыз жұбайымыз екеуіміз. Екі түйеден бастадық. Қазір міне өздеріңіз көріп отырғандай, қоралы түйеге жеткіздік. Басында қиындау болды, ол кезде енді бұның қыр-сырын біліп кетпейміз, бірақ енді бұрыннан малдың арасында өстік, мал ұстап.

Шаруашылықты дамыту мақсатында мемлекеттен 226 гектар жер берілген. Бұл өз кезегінде түйе санын арттырып, шұбаттан балмұздақ өндіруге жол ашқан. Қазір олар «қазақ балмұздағының» жиырмадан астам түрін өндіреді. Балалар сүйсіне жейтін тәтті тағам облыс аумағы мен Алматыдағы дүкендерде сатыла бастады.

Мереке Бақытгүл, сатушы:

- Қолдыкі болғаннан кейін бір жағынан сенімді, бір жағы әдеттегі химиялық мороженоеға қарағанда денсаулыққа да пайдалы. Басында өзіміз клиенттерге түсіндіру арқылы солай-солай ақырындап клиенттер үйрене бастады. Жаз кезінде жақсы өтеді, қыста енді ақырындау кішкене.

Азангүл Әлбосын болашақта қолөнер мектебін ашып, жастарды ұлттық өнерге баулығысы келетінін айтты. Сол арқылы ауыл әйелдерін сырмақ басып, түйе жүнінен адам ағзасына пайдалы көрпе-жастық, белдемшелер шығармақ ниетте. 

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью