Zakon.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Полицияның мәліметінше, алдағы матчқа мыңдаған көрермен келеді деп күтілуде. Осыған байланысты стадион аумағында және оған іргелес жерлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен өзге де бейінді қызметтердің өкілдері жұмылдырылады. Сондай-ақ заманауи бейнебақылау жүйелері қолданылады.
Ведомство жанкүйерлерді заң талаптарын сақтауға, өзара құрмет танытуға және командаларын тек спорт мәдениеті аясында қолдауға шақырды.
Полиция агрессивті мінез-құлық, тыйым салынған атрибутиканы пайдалану, былапыт сөздер айту және жанжал шығаруға әрекет ету сияқты құқыққа қайшы әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шара қолданылатынын ескертті.
Алматы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, полиция матчқа келген барлық жанкүйерді қуана қарсы алады және ойынның қауіпсіз жағдайда өтуі үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.
"Біздің ортақ міндетіміз – бұл матчтың әдемі ойынмен, жарқын эмоциялармен және бір-біріне деген құрметпен есте қалуын қамтамасыз ету. Баршаңызды қоғамдық тәртіпті сақтауға, арандатуға ермеуге және нағыз жанкүйерді мінез-құлық мәдениеті, қарсыласқа деген құрметі мен өз командасына шынайы қолдау көрсетуі ерекшелендіретінін есте ұстауға шақырамыз", – деді Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, бұған дейін 26 шілде күні сағат 19:00-де Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан Премьер-лигасының екінші айналымындағы турнир кестесінің көшбасшылары – "Қайрат" пен "Ордабасы" арасында орталық матч өтетінін хабарлаған едік.