Алматы Қаскелең және Алматы Талғар жолдары қашан кеңейтіледі

17.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

ҚазАвтожол компаниясының мәліметінше, мегаполистің батысындағы Ұзынағаш, Шамалған, Қаскелең және басқа да ауылдарды қаламен байланыстыратын республикалық жол арқылы күніне 60 мың көлік жүреді. Бұған дейін «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 19-27 км (Қаскелең – Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы) учаскесін күрделі жөндеу жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазғанбыз. 

Жоба қандай сатыда екенін анықтау үшін және құрылыс жұмыстарының мерзімін нақтылау үшін ұлттық компанияға тағы жүгіндік. ҚазАвтожол жауабына сәйкес, «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19-27 км аралығындағы учаскесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталған, жобалау-сметалық құжаттамасы толық дайын.

– Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. Қорытынды нәтижені биыл сәуір айында алу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған конкурс мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін және тиісті бюджет қаражаты бөлінген жағдайда жарияланады, - деп нақтылады компаниядан.

Сонымен қатар ҚазАвтожол жобаны жүзеге асыру үшін 3 жылға жуық уақыт өтетін атап өтті.

– Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының ұзақтығы - іске асыру басталған сәттен бастап 33 ай, - делінген жауапта.

Қандай құрылыс жүргізіледі

Жалпы жоба бойынша Қаскелең мен Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы арасындағы жол бөлігі 4 жолақтан 8 жолаққа дейін (әр бағытта 4 жолақтан) кеңейтілмек.

Одан бөлек:

– «таға» үлгісіндегі екі көлік айрығын салу;

– 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін орнату; 

– көшені жарықтандыру жүйесін монтаждау; 

– автожол бойымен тротуарлар салу; 

– өзге де жол инфрақұрылымын жаңғырту көзделген.

ҚазАвтожол болжамы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін жолдың өткізу қабілеті 61 пайызға ұлғаюы қажет.

– Бұл өз кезегінде жол жүктемесін едәуір төмендетіп, көлік кептелісін азайтуға және көлік қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді компания өкілдері.

Алматы-Талғар жолының жобасы

Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының тұрғындары қалаға қатынайтын Алматының шығысындағы негізгі жол қазір 2 жолақты. Бұл жол арқылы күнделікті 40 мыңға жуық көлік жүреді. Былтыр Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков агенттік тілшісіне берген сұхбатында Бесағаштан Талғар қаласына дейін жолды кеңейту жобасын ҚазАвтожол компаниясы әзірлеп жатқанын айтқан еді. 

Kazinform сауалына жауап берген ұлттық компания «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 13–21 шақырым аралығын күрделі жөндеу бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталу сатысында екенін атап өтті.

– Жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолдауға дайындалып жатыр. Құжаттар осы жылдың ақпан–наурыз айларында жіберілмек. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тиісті бюджет қаражаты уақтылы бөлінген жағдайда 2026 жылы басталады, - деп хабарлады ҚазАвтожол.

Күрделі жөндеу жобасы аясында істелетін жұмыстар:

– жолды төрт жолаққа дейін кеңейту (әр бағытта екі жолақтан); 

– учаскенің бүкіл ұзындығы бойынша көшені жарықтандыру; 

– тротуарлар салу; 

– жол жамылғысын жаңарту; 

– инженерлік және өзге де инфрақұрылымды жаңғырту.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аудан жолдарын жөндеуге биыл 25 млрд теңге бөлінгенін жазғанбыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью