Алматы Қонаев ақылы жолында кімдер тегін жүре алады

02.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Компанияның мәліметінше, мәселе Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі заңының 5-2-бабы 2-тармағына сәйкес реттеледі. Бұл нормаға сәйкес, ақылы жолға іргелес аудандарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың жеңіл автокөліктері, сондай-ақ сол аумақта тіркелген автобустар бір аудан шегінде қозғалған жағдайда ақы төлеуден босатылады.

– Бұған дейін Алматы – Қонаев ақылы учаскесі Іле ауданының аумағы арқылы өткендіктен, осы ауданда тіркелген жеңіл көліктер мен автобустар жол ақысынан босатылған болатын. Алайда кейін Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізіліп, аталған жол учаскесі Іле ауданының орнына Алатау қаласының аумағына өткен, - делінген хабарламада.

Осыған байланысты Алатау қаласы әкімдігі Көлік министрлігіне, Автомобиль жолдары комитетіне және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға тиісті хат жолдаған.

Нәтижесінде, 2026 жылғы 30 қаңтардан бастап Алматы – Қонаев ақылы жол учаскесі бойынша төлем есептеу жүйесінде Іле ауданы Алатау қаласына ауыстырылды. Осыған байланысты Іле ауданында тіркелген көлік иелері бұл учаскеде тегін жүру құқығынан айырылды.

Қазіргі қолданыстағы тәртіпке сәйкес, аталған жолмен Алатау қаласында тіркелген көлік құралдары ғана тегін жүре алады.

Сонымен бірге Іле ауданында тіркелген көліктер үшін Алматы – Қорғас жолында сол аудан аумағынан шықпай жүргенде тегін жүру құқығы сақталады.

Компания барлық көлік түрі үшін балама ретінде ақылы жол учаскелерінде жүруге бір айлық немесе бір жылдық абонемент (жылдық құны – 1 АЕК) рәсімдеу мүмкіндігі бар екенін де еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласының тұрғындары Алматы – Қонаев автожолының ақылы учаскесі бойынша тегін жүріп-тұру құқығына ие болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью