Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Кеше Алматыда Еуразиялық тау курорттары альянсының (ЕТКА) III фестивалі салтанатты түрде ашылып, апта соңына дейін жалғасатын халықаралық жиында «Almaty superski» тау-шаңғы курортының жобасы таныстырылды.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Осымен үшінші рет Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінің таудағы курорттарын тоғыстырып отырған отандық ЕТКА жобасы табыссыз да емес. Фестивальдың алғашқы күнінде-ақ Шымбұлақ пен Еуразияның әйгілі курорттары Жасыл хартияға қол қойып үлгерді. Фестиваль бұған дейін Әзербайжандағы «Шахдаг» тау курортында өткізілсе, келесі басқосу Ташкент маңындағы «Амирсойда» жоспарланған.
«Oi-Qaragai» тау курортының Ақтас базасынан бастау алған фестивальдың басты оқиғасы – «Kazakh tourism development» (KTD) компаниясы қолға алып отырған «Almaty superski» тау-шаңғы курорты жобасының таныстырылуы.
Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев халықаралық деңгейдегі жаңа тау-шаңғы курорты 5 мыңға жуық адамға жұмыс тауып беріп, Шымбұлақ пен оның айналасындағы кішігірім демалыс орындарына түсетін салмақты да бөлісетінін атап өтті. Бір жағынан бұл жоба аймақтағы ең ірі жұмыс берушіге айнала отырып, шаһардағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек.
«Almaty superski» жобасының аясында әртүрлі деңгейдегі 60 шақырымдық шаңғы трассасын, күніне 10 мыңдай адамды тасымалдай алатын озық технологиялы 16 аспалы жол салу қарастырылған.
Ең бастысы, кезекті тау-шаңғы курортының экологияға, қоршаған ортаға кесірі тимегені де керек. Сондықтан ESG-қағидаттарының ашықтығы мен сақталуын қамтамасыз ету, CO₂ шығындарын қадағалау жүйесі енгізіліп отыр.
Жалпы алғанда, жоба Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шамамен 1002 гектарын немесе 0,5%-дай аумағын алады. Осы аумақтың 20 гектарында курорттық ауыл, яғни демалыс орнын салу жоспарланған.
KTD бас атқарушы директоры Е.Еркінбаев «Almaty superski» жай ғана тау-шаңғы курорты емес, экономиканы әртараптандыруға, туризм мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастама екендігіне тоқталды.
Жаңа жоба Алматы тау кластерінің өзегіне айналып, еліміздің әлеуеті зор тау туризмі саласында өзіндік халықаралық брендін қалыптастырып, елдің жаһандық туристік нарықтағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Бұл жобадан бөлек, фестивальда «Shymbulak» пен Еуразияның әйгілі курорттары Жасыл хартияға қол қойды. Еуразия кеңістігіндегі тау туризмі индустриясының тұрақты дамуының ортақ қағидаттарын айқындайтын стратегиялық құжат тау экожүйелерін сақтау, климатқа кері әсерін азайту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану сынды экологиялық талаптарға сай басқару тәжірибелерін дамыту бағытында курорттардың ортақ жауапкершілігін қуаттайды. Хартия ерікті түрде қабылданады әрі оған өзге де тау курорттары қосыла алады.
Құжаттың арнайы бөлімінде ашықтық, әріптестік пен ұтымдылық қағидаттары қамтылған. Бұл бизнес, мемлекет, жергілікті қауымдастықтар мен ғылыми ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Қол қоюшы тараптардың бірлескен бастамаларын ЕТКА-ның тұрақты даму жөніндегі сараптамалық платформасы үйлестіріп отырады.
Осы орайда «Shymbulak» курортының бас директоры Ринат Абдрахманов: «Шымбұлақ үшін Жасыл хартияны қабылдау – кейінгі жылдары жүйелі түрде атқарып келе жатқан жұмысымыздың заңды жалғасы. Тау курорты экологиялық тепе-теңдікті сақтамай дами алмайды. Табиғи ландшафтарды қорғау, ресурстарды жауапкершілікпен басқару, климатқа әсерді азайту – саланың ұзақмерзімді тұрақтылығының негізі», деп атап өтті.
Жасыл хартияға ЕТКА құрамындағы «Shymbulak Mountain Resort» (Қазақстан), «Oi-Qaragai Mountain Resort» (Қазақстан), «Amirsoy Mountain Resort» (Өзбекстан), «Rosa Khutor» (Ресей), «Shahdag Mountain Resort» (Әзербайжан), «Grandvalira Andorra» (Андорра, ЕО) сияқты әйгілі курорттар қол қойып отыр. Мұндай мәміле, келісімдердің пайдалы тұстары көп. Альянсқа мүше елдер курорттарының клиенттері түрлі жеңілдіктері бар ЕТКА-ның Бірегей ски-пас карталарын қолдана алады. Заманауи маркетинг дегеніміз де осы.
Еуразиялық тау курорттары альянсы 2023 жылы Еуразиядағы жетекші тау курорттарының бастамасымен құрылған. Альянстың мақсаты – тау туризмі басқару саласындағы күш-жігерді біріктіру, туристік қызмет сапасын арттыру, спорттық әлеуетті дамыта отырып, тұрақты тау туризмінің үздік тәжірибелерін ілгерілету. Альянстың штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан. ЕТКА құрамына еліміздің «Shymbulak», «Oi-Qaragai», Әзербайжанның «Shahdag», Өзбекстанның «Amirsoy», Ресейдің «Rosa Khutor», сондай-ақ Оңтүстік Кореяның «Mona Yong Pyong» курорттары кіреді. 24 ақпанда «Grandvalira Resorts Andorra» курорты Альянсқа қосылуға ниеттті екені туралы меморандумға қол қойды.
Сол сияқты Алматыда Еуразиялық тау курорттары альянсы (ЕТКА) мен Андоррадағы ең ірі тау курорттары желісі – «Grandvalira Resorts Andorra» арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл мәміле де Grandvalira-ның Альянс құрамына қосылуға ниетті екендігін, оған қоса тау туризмі саласында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айғақтайды. ЕТКА атынан меморандумға Альянстың бас хатшысы Андрей Кукушкин, «Grandvalira Resorts Andorra» атынан Тау бизнесін дамыту директоры Роман Серра қол қойды.
Алматыдағы Еуразиялық тау курорттары альянсының III фестивалі жұмаға дейін жалғасады.
АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар
Астанада Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты салтанатты түрде қарсы алды
Елорда • Бүгін, 02:45
Қоғам • Кеше
Жалпыұлттық коалиция Қарағанды облысында бірқатар кездесу өткізді
Ата заң • Кеше
2025 жылы 83 ауыл жойылды: Елдімекендердің ертеңгі тағдыры қандай?
Аймақтар • Кеше
Яна Легкодимова ісі: Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
Қоғам • Кеше
«Атырау» футбол клубы сатылымға шығарылды
Футбол • Кеше
Жамбыл облысында орындықтарды алып тастап адам тасыған автобус анықталды
Аймақтар • Кеше
Мойынқұм ауданында өрт сөндіру бөлімі ашылды
Аймақтар • Кеше
Мобилді операторды ауыстыру тәртібі өзгеретін болды
Қоғам • Кеше
Ата заң • Кеше
Олимпиадада төрешілік еткен қазақстандық маманға айып тағылды
Қоғам • Кеше
25 ақпанға дейін салықтарды төлеп үлгеріңіз
Салық • Кеше
Ертең бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқиды
Елорда • Кеше
«Реал» бас бапкерге байланысты шешім қабылдады
Футбол • Кеше
Биыл елімізде жарты миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған
Қазақстан • Кеше