Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Алматы қаласы дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымовтың айтуынша, мегаполисте 120 діни нысан бар: 56 мешіт, 23 православ шіркеуі, 8 католик шіркеуі. Одан бөлек 4 діни оқу орны, 7 намазхана мен діни әдебиет тарататын 31 стационарлық пункт қызмет етеді.
— Біздегі дін ұстанатындардың басым бөлігі мұсылмандар мен православтар. Мешіттерге тұрақты түрде 80 мыңнан астам адам барады, православ шіркеуіне шамамен 20 мың адам, протестанттық бірлестіктерге 30 мыңға жуық адам барып тұрады, — деді Нұрлан Қиқымов.
Сондай-ақ ол конфессияаралық келісімді нығайтатын диалог алаңы дамып жатқанын атап өтті. Қалада діни бірлестік басшыларының клубы жұмыс істейді, ол конфессиялар мен мемлекеттік органдарды байланыстыратын маңызды тетікке айналған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы құрылысы аяқталған ең үлкен мешіт неге әлі ашылмай тұрғанын жазғанбыз.