Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Алматыда балалар мен жасөпірімдерге арналған кіші трамплиндерге байланысты түсініксіз жағдай қалыптасқан. «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің (К95 және К120) маңындағы К20, К40 және К60 трамплиндері, сондай-ақ төрешілер мұнарасы мен жаттықтырушылардың ашық алаңы салынғалы бері қалалық құрылыс басқармасының иелігінде қалып қойған. Осы 13 жыл ішінде жаттықтырушылар нысанға өз күшімен күтім жасап келеді. Мұнда тіпті жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионын тәрбиелеп шығарды. Алайда құжаттар бойынша шаңғымен секіру және шаңғы қоссайысы секциясына алғаш келген бүлдіршіндер шыңдалатын Қазақстандағы жалғыз оқу-жаттығу нысандары әлі күнге дейін пайдалануға ресми берілмеген. Қала әкімдігі 2026 жылдың ішінде бұл олқылықты жоюды жоспарлап отыр.
— «Сұңқар» кіші трамплиндерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге байқау жарияланды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2027 жылдың бірінші тоқсанында (қаңтар айында) аяқтау жоспарланған, — делінген құрылыс басқармасының жауабында.
Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушілер алдында бірнеше міндеттер қойылған:
— Аяқталмаған нысандардың тіреуіш пен қоршауларының нақты жағдайын анықтау мақсатында тексеру жүргізу. Тексеру қорытындысы бойынша техникалық қорытынды дайындау. Оның сапасына жобалаушы компания тікелей жауапты.
— Анықталған зақым мен кемшіліктерді көрсете отырып, бөлшектеу жұмыстарының көлемін нақтылау.
— Экологиялық нормаларды (радон және гамма-фон деңгейін) өлшеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда аумақтың орманпатологиялық зерттеу қорытындысын алу.
— Тапсырыс берушіге жобалау жұмыстарының кестесі мен қарастыруға арналған эскиздік жобаны ұсыну.
— Электр қуаты, сумен жабдықтау, кәріз және жылу жүйелеріне түсетін жүктемелерді есептеп, бұған дейін алынған техникалық шарттарды жаңарту.
Спортшылар мен жаттықтырушылар құрылыс жұмыстары біткен соң, құрылыс басқармасы нысанды спорт басқармасына және спорттық нысандар дирекциясының қарамағына береді деген үмітте. Бұл кешеннің болашақта толыққанды жұмыс істеуіне жол ашпақ.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігінің өкілдері «Сұңқар» трамплині бос тұруына байланысты жауап берді.