Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Алматы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаевтың айтуынша, жалған сайт пен интернет-дүкен ашып, онлайн мәміле кезіндегі алдап, «жұмыс» немесе «инвестиция» деген желеумен азаматтарды осындай жолмен ақша табуға тартып, банк пен қауіпсіздік қызметінің өкілі болып қоңырау шалу көп кездеседі екен.
Мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылады. Оның көмегімен зиянды контенті бар ресурстарды қоса алғанда, 17,6 мыңнан астам осындай сайт пен сілтеме бұғатталған.
Сондай-ақ банкоматтардың маңына полиция қызметкерінің 355 макеті орналастырылды. 470 баннер орнатылып, 1 400-ден астам бейнеролик даярланды. 3 400-ден астам профилактикалық акция мен әртүрлі салада 3 400-ден астам дәріс өткізілді, шамамен 160 мың жадынама мен парақша таратылды. 90 мыңнан астам мессенджер-чатта бейнероликтер шықты.
– Интернет-алаяқтықпен күресу полицияның ғана жұмысы емес, онымен әр адам күресуі керек, сақтануы керек. Кодты, парольді, картадағы деректі ешкімге айтпаңыз, күмәнді сілтемелерге жоламаңыз. Күмән туса, бірден полицияға, банкке жүгінген жөн, – деп ескертті Еркебұлан Қойшыбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында интернет-алаяқтық құрбандарына 18 млн теңге қайтарылғанын жазғанбыз.