Алматыда алты жасар баладан салмағы 3 килограмнан асатын ісік алынды

21.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Алматыда №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері күрделі ота жасап, баланың ішінен салмағы үш келі, өлшемі 22 сантиметр болатын ісікті алды, деп хабарлайды Tengri Health.

Үлкен ісік ауырсынуға шағымданғаннан кейін анықталды

Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кішкентай пациент медициналық мекемеге іші айтарлықтай үлкейіп, ауырсыну шағымымен түскен.

Толық тексеруден кейін дәрігерлер құрсақ артындағы кеңістікте үлкен ісікті анықтады.

Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, ісіктің көлемі мен орналасуына байланысты, сондай-ақ ірі қан тамырларына жақын орналасып, қанмен қамтамасыз етілуі жоғары болғандықтан, ота кезінде көп мөлшерде қан жоғалту қаупі болған.

Ота қалай өтті?

Аурухана өкілдері техникалық күрделілігіне қарамастан, хирургтар ісікті бір блокпен толығымен бөліп алып, айтарлықтай қан жоғалтудың алдын алғанын айтты.

Ісіктің өлшемі 22×16×9,5 сантиметр, ал салмағы үш келі 124 грамм болды.

Отадан кейін мамандар гистологиялық зерттеу жүргізді. Оның нәтижесі ісіктің липома - май тінінен түзілген қатерсіз ісік екенін көрсетті.

Дәрігерлердің түсіндіруі бойынша, егер ол одан әрі өсе берсе, ішкі ағзалар мен қан тамырын қысып, тіпті олардың орнынан ығысуына әкеп соғуы мүмкін еді.

"Бұл біздің ұжымның тағы бір кішігірім жеңісі, ең бастысы - бала үйіне дені сау, жүзінде күлкімен қайтып барады. Балаларыңызды сақтаңыздар және баланың жағдайында немесе сыртқы келбетінде әдеттен тыс өзгерістер пайда болса, мамандарға қаралуды кейінге қалдырмаңыздар", - деп атап өтті ота жасаған хирург Марат Қаптағаев.

Ота сәтті өтті. Отадан кейінгі кезең де қолайлы болды: бала тез оңалып, үйіне шығарылды.

Бұған дейін Астанада 74 жастағы пациенттің басынан көлемі 15 сантиметр болатын үлкен ісік қалай алынып тасталғаны туралы жазған болатынбыз. Дәрігерлердің айтуынша, ісік миды қысып, бас сүйегінен шығып кеткен.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қазақстан

Балалар

дәрігерлер

Алматы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью