Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Алматыда бірнеше айдан бері арық жүйесінің жекелеген учаскелеріндегі жұмыстар қызу талқыланып жатыр. Кейбір тұрғындар ашық су арналарының кей жерлерде плиталармен жабылып жатқанына назар аударып, мұндай шешімдердің себебін түсіне алмай отыр. Бұл жұмыстардың не үшін жүргізіліп жатқанын және олардың қала инфрақұрылымына қалай әсер ететінін Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Арықтар: желіде не талқыланып жатыр?
Көптеген тұрғын үшін арықтар - жай ғана қала инфрақұрылымының элементі емес, Алматының өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Қалалықтардың пікірінше, ашық су арналары көшелердің үйреншікті келбетін толықтырып, ыстық ауа райында жайлы атмосфера қалыптастыруға көмектеседі.
"Арықтардың көптеген айқын артықшылығы бар. Олар ыстықта қаланы салқындатуға көмектеседі – бұл шынымен де сезіледі. Су құстар мен жануарларды өзіне тартып, оның сыбдыры ерекше әсер сыйлайды", – дейді жазба авторларының бірі.
Бұдан бөлек, желі қолданушылары ашық арықтардың кей бөліктері бетон плиталармен жабылып жатқан сәттері бейнеленген кадрларды жариялап жатыр.
Мұндай жарияланымдардың астында тұрғындар арықтардың жабылуы нөсер жауын кезінде су бұруға және көше бойындағы ағаштарды суаруға әсер етпей ме деген мәселені талқылап жатыр.
Сондай-ақ қала тұрғындары коммуналдық қызметтер арық жүйесінің жабық учаскелерін қоқыс пен шөгінділерден қалай тазартатынына қызығушылық танытқан.
Фото Tengrinews.kz
Желіде петиция жарияландыТалқылаулар аясында e-Petition порталында арықтарды жабуға мерзімсіз мораторий енгізу туралы ұсыныспен петиция пайда болды.
Өтініш авторлары ашық арық желісін сақтау қаланың тарихи келбеті мен микроклиматы үшін маңызды деп санайды. Олардың пікірінше, арықтарды әрі қарай жабу мәселесі көгалдандыру және жаңбыр суын ағызу мәселелерін ескере отырып, қосымша талқылауды қажет етеді.
Әкімдік не дейді?Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы биліктің қаланың арық желісін толығымен жоюды көздеп отырғаны туралы қауесетті жоққа шығарды.
"Бүкіл қалалық арық желісін кешенді түрде жабу және жою туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Тау суы ағатын арықтар мен беткі суларды ағызу функциясын атқаратын нөсер науалары (лотоктор) ұғымын түсіну және ажырату керек. Абаттандыру аясында арықтарды жою қарастырылмаған – олардың су бұрудағы негізгі инженерлік функциясы сақталады", – деп түсіндірді басқармада.
Ведомство өкілдері арықтардың тек қауіпсіздік нормалары немесе абаттандыру жобалары талап ететін жекелеген учаскелері ғана жабылып жатқанын мәлімдеді. Шенеуніктердің айтуынша, әрбір мұндай учаске алдын ала тексеруден өтеді.
Алматыдағы арық желісінің жалпы ұзындығы – 1525 шақырым. Сонымен қатар басқарма Tengrinews.kz сауалына оның қанша бөлігі жабылғаны және болашақта қай учаскелердің жабылатыны туралы нақты жауап берген жоқ.
Арықтар не үшін жабылады?Басқарма мұндай жұмыстар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі және кедергісіз қалалық орта қалыптастыру үшін жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
"Жекелеген учаскелерді жабу жарақат алу қаупін азайтуға, қоқыстың жиналуын болдырмауға және инженерлік инфрақұрылым жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар конструкцияда арық жүйесіне судың түсуін және коммуналдық қызметтердің оған қызмет көрсетуін қамтамасыз ететін технологиялық люктер мен су қабылдағыш торлар қарастырылған", – дейді әкімдіктегілер.
Бұдан бөлек, ашық арықтардың тұрмыстық қоқыстармен, жапырақтармен және құрылыс қалдықтарымен тез бітеліп қалатыны, соның салдарынан нөсер жауын кезінде суды өткізу қабілеті төмендейтіні атап өтілді.
Бұл экологияға әсер ете ме?"Сондықтан арық жүйесі сақталатын, бірақ жекелеген учаскелері технологиялық люктер мен су қабылдағыш торлары бар темірбетон плиталармен жабылатын инженерлік модернизациялау нұсқасы таңдалды. Мұндай тәсіл қоқыстың түсуін азайтуға, қызмет көрсетуге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді әкімдік.
Басқарма арықтарды жабу қаланың микроклиматын айтарлықтай өзгертеді деген тұрғындардың пікірімен келіспеді.
"Қалалық ортаны салқындатудың негізгі әсерін жасыл желектер, көлеңке жасау, суару және сапалы көгалдандыру қамтамасыз етеді. Арықтардың көпшілігінің ашық су беті салыстырмалы түрде аз және ол көше немесе аудан ауқымындағы ауа температурасына айтарлықтай әсер етпейді", – деп хабарлады ведомство.
Ағаштарды суару үшін қалада автосуару жүйесі белсенді дамып жатқаны, ал арықтардың су ағызудағы инженерлік функциясы сақталатыны баса айтылды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу