Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Әлеуметтік желіде YaYa компаниясынан қаражатын қайтара алмай жүрген адамдардың жазбасы көбейген.
Олардың сөзінше, сервис 1 ақпаннан бастап жұмысын тоқтатқан. Балалар білім алмаса да, банктер аталған қызметке бөліп төлеу бойынша ақшаны әлі де ұстап отыр.
– Компания қайтарылатын соманы былай есептеуді ұсынады: соманың 50%-ы «қосымшаны іске қосқаны үшін» ұсталады, қалған 50%-дан сабаққа қатысқан күндердің ақысы тағы шегеріледі. Соңында бөліп төлеу сомасын жаппайтын мардымсыз ақша қалады. Мысалы, 360 000 теңге тұратын жылдық абонемент бойынша 4 ай немесе 38 сабаққа барған жағдайда, қайтарылуы тиіс сома 91 мың теңге деп есептелген және бұл сома күн сайын азайып отырады, – деп жазды Айжан есімді желі қолданушысы.
Ал компания ата-аналарға ресми үндеу жариялап, ұзақ уақыт байланысқа шықпауларынан орынды алаңдаушылық туындағанын мойындады.
– Балалар платформа арқылы үйірмелер мен секцияларға 500 мыңнан астам рет барды. Бұл өнімнің қажетті әрі пайдалы болғанын дәлелдейді. Осы кезеңде біз балалар орталықтарына 1 миллиард теңгеден астам ақша төледік. Біз өз идеямызға шын беріліп, баға саясатын ата-аналар үшін барынша тиімді етуге тырыстық, өйткені балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін қанша күш қажет екенін өз тәжірибемізден білеміз. Алайда жұмыс барысында қазіргі қаржылық модель нарықтағы жүктемені көтере алмайтыны белгілі болды. Қарапайым тілмен айтқанда: абонементтер өзін-өзі ақтамағаны былай тұрсын, бизнесті шығынға батырды. Бұл кассалық алшақтыққа және жобаның операциялық әрі қаржылық құрылымын қайта қарау қажеттілігіне әкеп соқты, – делінген компания хабарламасында.
Компания өз міндеттерін реттеу процесіне кіріскенін нақтылады. Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы полиция департаменті түсініктеме берді.
Полиция мәліметінше, кейінгі 5 күнде әртүрлі аудан басқармаларына бірнеше азаматтан арыз түскен. Қазіргі уақытта олар зерттеліп, бір іске біріктірлімек.
– Соңғы күндері аталған оқу орталығының әкімшілігіне қатысты арыздар түсе бастады. Олардың барлығы зерделеніп, талданатын болады. Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады, – деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, былтыр Алматыда Tesla Education білім беру орталығына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Кейін Tesla Education дауына тап болған балалар өзге білім орталықтарында тегін оқи алатыны белгілі болды.