Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Алматыда бетперде киген балалар қолдарына пышақ алып, көшеде достарын қуалаған, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты полиция тексеру жүргізді.
"Алмалы аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 9 бен 12 жас аралығындағы төрт баланы анықтап, мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізді", - деп жазылған хабарламада.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, балалар Алматыдағы әртүрлі жалпы білім беретін мектептердің оқушылары. Олар өз әрекеттерін ойын ретінде түсіндірген.
Қала тұрғынының айтуынша, балалардың бірі пышақпен достарын қуалап, олардың бірінің бетін тіліп жіберемін деп қорқытқан.
Оқиға бойынша балалардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал балалар мектепішілік есепке қойылды.