Алматыда бұралқы жануарларды ұстауға 830 млн теңге бөлінді

26.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Алматы ветеринарлық қызметінің мәліметінше, мегаполисте былтыр қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жануарларға жауапты қарау қағидаттарын сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілген. Бұл жұмыстарға 19 арнайы аулау бригадасы, 91 қызметкер және 22 арнайы жабдықталған автокөлік жұмылдырылды. Атап айтқанда, барлығы 9 477 ит және 204 мысық ауланған.

Оның ішінде АЗВҚ (аулау – зарарсыздандыру – вакцинациялау – қайта жіберу) бағдарламасы аясында: 1 500 қаңғыбас ит және 108 мысық уақытша ұстау пункттерінде ұсталып, стерилизациядан және вакцинациядан өтті. Кейін олар бастапқы ұсталған аумақтарына қайта жіберілді.

- Адапция бағдарламасы аясында 1 660 қаңғыбас ит жаңа иелеріне беріліп, бұл шара жануарлар санын ізгілік қағидаттарына сай азайтуға мүмкіндік берді. Адамдарға қауіп төндіруі мүмкін, ауыр дертке шалдыққан немесе агрессиясы жоғары 3 480 қаңғыбас итке қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес жансыздандыру шаралары қолданылды, - деп хабарлады ветеринарлық қызмет.

Ал 2026 жылы Алматыда қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, ветеринариялық өңдеу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 834,3 млн теңге бөлінген.

Жедел ветеринариялық көмек

2025 жылы Алматыда алғаш рет жедел ветеринариялық көмек іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – шұғыл ветеринарлық көмекті қажет ететін қиын жағдайларда алғашқы көмек көрсетіп, зардап шеккен жануарларды ветеринарлық клиникаларға тасымалдау.

Алматы ветеринарлық қызметінің мәліметіне сәйкес, былтыр жедел ветеринариялық көмек қызметіне тұрғындардан және ұйымдардан 1240 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 750 өтініш жедел тәртіппен орындалды.

- Түскен өтініштер негізінде арнайы бригадалар: жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен, түрлі жарақат алған, ауру немесе әлсіреген, өміріне қауіп төнген қаңғыбас, жабайы және қараусыз жануарларға жедел ветеринариялық көмек көрсетті. Қалған өтініштер жануар табылмауы, өтініш берушімен кері байланыс болмауы немесе жағдайдың өзектілігін жоғалту себебімен орындалмады, - делінген жауапта.

Қазіргі таңда жедел ветеринариялық көмек қызметінде 4 ветеринариялық маманы бар екі бригида қызмет атқарады. Аталған қызметтің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 11 млн теңге бөлінген.

Еске салайық, былтыр Алматыда қаңғыбас жануарларды аулауға 580 млн теңге бөлінді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью