Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Алматыда бүгін аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" тобына арналған арт-инсталляцияның салтанатты ашылуы өтеді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы хабарлады.
Металдан жасалған композиция әйгілі музыкалық ұжым мүшелерінің ортақ көркем образын сомдайды. Инсталляцияның биіктігі – 1,8 метр, ені – 3,5 метр. Арт-нысан Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің арасындағы жаңартылған Масанчи көшесінде орналасқан.
© Photo : Пресс-служба акима Алматы Алматыда "Дос-Мұқасан" тобына арналған арт-инсталляция ашылады
Алматыда "Дос-Мұқасан" тобына арналған арт-инсталляция ашылады
© Photo : Пресс-служба акима Алматы
Инсталляцияның басты ерекшелігі – интерактивті аудиожүйе. Арнайы батырманы басу арқылы келушілер "Дос-Мұқасан" тобының танымал әндерін тыңдай алады. Осылайша, нысан қаланың көркемдік кеңістігін толықтырып қана қоймай, ашық аспан астындағы музыкалық алаңға айналады.
Арт-инсталляцияның Алматыда орнатылуы тегін емес. 1967 жылы қалада Қазақ политехникалық институтының студенттері Досым Сүлев, Мұрат Құсайынов, Камит Санбаев және Александр Литвинов вокалды-аспаптық ансамбль құрды. Кейін бұл ұжым Қазақстандағы ең танымал музыкалық топтардың біріне айналды.
Арт-инсталляцияның салтанатты ашылуы 22 қазанда сағат 14:00-де өтеді.