Алматыда егеуқұйрықтар қаптады ма? Әкімдік қала тұрғындарының жарияланымдарына жауап берді

14.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде қала көшелерінен көрген ірі кеміргіштердің суреттері мен видеоларын жариялап жатыр. Кадрлардан олардың тротуарларда жүгіріп, халық көп жиналатын демалыс орындарында жүргенін көруге болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Егеуқұйрықтар скверлер мен саябақтарды мекендейді

Қала тұрғындарының айтуынша, кеміргіштер қалалықтар серуендеп, демалатын скверлерде жиі көріне бастаған.

Мәселен, мынау Алматы әкімдігі алдындағы жаңа алаңда – Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысында жүрген егеуқұйрықтар.

Алматыдағы егеуқұйрықтар. Суретті оқырман жолдаған

Бұған дейін әлеуметтік желілерде егеуқұйрықтың бауырсақ тістеп бара жатқан видеосы тараған болатын. Кеміргіш бетон конструкция үстімен емін-еркін жүріп, адамдарға еш елең етпейді.

Бауырсақ тістеген егеуқұйрық. Threads әлеуметтік желісінен алынған сурет

Ал кейбір кеміргіштер тіпті наубайхана өнімдерін сататын шағын дүңгіршектердегі тағамдар үстінде жүгіріп жүр.

Тамақ сататын дүңгіршектегі егеуқұйрықтар. Threads әлеуметтік желісінен алынған сурет

Әкімдік не дейді?

Әкімдік Алматыда дератизация жұмыстарының тұрақты түрде жүргізілетінін хабарлады. Кезекті кезең 15 қыркүйекте басталып, 25 қазанға дейін жалғасады. 47 мың гектардан аса аумақты өңдеу жоспарланған.

Мамандар жасыл желектерді, арықтарды, өзен мен су қоймаларының жағалауларын, кеміргіштердің мекендейтін жерлері мен індерін, сондай-ақ аялдама маңындағы аумақтарды зарарсыздандырады.

"Жеке сектор тұрғындарына қолдану нұсқаулығымен бірге арнайы уланған жем тегін беріледі. Сонымен қатар, жеке меншік аумақтарды, ғимараттар мен құрылыстарды өңдеу жұмыстарын олардың иелері жүргізеді", – делінген хабарламада.

Бұған дейін алматылықтардың танымал серуендеу орындарындағы егеуқұйрықтар түсірілген кадрларды жариялап жатқанын жазған болатынбыз. Куәгерлердің айтуынша, ірілі-ұсақты кеміргіштер аумақта емін-еркін, адамдардан қорықпай жүр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью