Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қабылдау бөліміне 1 жас 9 айлық бала өте ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер «ішектегі бөгде заттар – 31 магнит, жіңішке ішектің көптік тесілуі, жайылған нәжістік перитонит» диагнозын қойды.
Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы– Баланың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – шұғыл хирургиялық ота жасау болды. Дәрігерлер ортаңғы лапаротомия жасап, құрсақ қуысы ағзаларына толық тексеру жүргізді. Ота барысында магниттер ішектен алынып, жіңішке ішектегі көптеген тесік тігілді, құрсақ қуысы тазартылып, дренаж орнатылды. Сонымен қатар ішекке трансаналдық интубация жасалды, - делінген хабарламада.
Орталық хирургі Асқар Ризвановтың айтуынша, магниттердің басты қаупі – олардың ағзаға бөлек-бөлек түскенімен, ішекте бір-біріне тартылып, ішек қабырғасын қысып қалуында.
– Магниттердің арасында ішек қабырғасы қысылады, қан айналымы бұзылады, тіндер жансызданады, тесік пайда болады. Соның салдарынан санаулы сағаттардың ішінде перитонит дамуы мүмкін. Ата-аналар көбіне баланың жағдайы қаншалықты жылдам нашарлайтынын аңғармай қалады, - деді хирург.
Дәрігерлердің ескертуінше, тіпті бір магнит жұтылған жағдайда да дереу медициналық көмекке жүгінуі қажет. Ал бірнеше магнит баланың өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді.
Фото: Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасыМамандар ата-аналарды балалардың магнитті ойыншықтарға, магнит шариктерге және құрамында ұсақ магниттері бар заттарға қол жеткізуін шектеуге, тұрмыста қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысының көпбейінді ауруханасында бронхынан бөгде зат анықталған екі жасар балаға ота жасалғанын жазғанбыз.