24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Алматыда тозығы жеткен үйлерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр қалада 670 меншік иесі жаңа, заманауи пәтерлерге көшті.
Айырбас «бөлме үшін бөлме» қағидаты бойынша жүргізілді. Жаңа үйлер толық әрлеумен, қауіпсіздік жүйелерімен және барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Алматыдағы екі қабатты үйлер осыдан 100 жыл бұрын салынған. Қалада қабырғасы қамыс пен ағаштан қаланған 1500-ге жуық ескі баспана, 14 500 пәтер бар. Былтыр сондай 18 үй бұзылыпты.
Еркебұлан Ұсманбаев, Almaty Renovation ЖШС бас директоры:
- Биыл 1165 пәтер деп жоспарлап отырмыз. Пәтердегі тұрғындарды ескі тұрғын үйлерден көшіріп, жаңа тұрғын үйлерге көшіру. Алайда енді айта кету керек, бұл жерде басым көпшілігі біз бюджет есебінен емес, сырттан келетін инвестицияның көзімен жұмыс істейміз.
Реновация бағдарламасының игілігін көріп отырған азаматтардың бірі – Айдидар Нұрдаулет. Ол таяуда отбасымен жаңа әрі жайлы баспанаға қоныс аударған. Айырбас пәтердің ауданына емес, бөлме санына қарай жасалады.
Айдидар Нұрдәулет, қала тұрғыны:
- Ескі үйіміз бізде 43 шаршы метр болды. Ал жаңа пәтеріміз қазіргі 63,5 шаршы метрді құрайды. Әрине үлкен, кең, жарық, жылы. Отбасымыз үшін бір үлкен қуаныш болды деп ойлаймын.
Ал Түрксіб ауданындағы Алтай-2 шағын ауданында инвестор 57 қамыс қабырғалы үйді бұзып, оның орнына 47 жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда алты ескі үйдегі 48 отбасы компанияның өз қоныстандыру қоры есебінен жаңа баспанаға көшірілген.
Аясын Әбішева, құрылыс компаниясының коммерциялық директоры:
- Алты үй 9 қабаттық заманауи құрылыс стандартына сәйкес салынуда. Яғни жер үсті, жер асты автотұрақтар болады. Жеке қоймалары болады. Ең бастысы жоғары сапада инженерлік коммунадық жүйелер болады. Абаттандырылған өте жайлы қауіпсіз аулалар болады.
Қала әкімдігі мен құрылыс компаниялары жыл сайын тұрғындарға әр ауданнан заманауи пәтерлер ұсынуда. Алайда, кейбір азаматтар жаңа құрылысқа қарсы шығып, өз үйлерін сақтап қалуды талап етуде.
Рамиль, қала тұрғыны:
- Шынымды айтсам, мен осы жаңа үйлердің салынғанына қарсымын. Кеңес уақытында бұл үйлердің бұзылатыны туралы айтылған. Орнына бес қабатты үй салынады деген. Десе де 9 қабатты болады деген жоқ. Мұнда тоғыз қабатты үйлер салуға болмайды. Ал олар қалай құжат алғанын мен түсіне алмадым. Жалпы қарсымын, көшкім келмейді.
Инвестор мен меншік иелері ортақ мәмілеге келгенше біраз уақыт кетеді. Реновация бағдарламасының жылдам аяқталмауының бір себебі осы. Әйтсе де Almatу Renovation компаниясы 2030 жылға дейін мегаполистегі тозығы жеткен үйлердің санын 1366-дан, 690-ға дейін қысқартуды жоспарлауда. Шамамен 7500 меншік иесін жаңа баспанаға көшіруді көздеп отыр.
Авторлары: Мақсат Ержанұлы, Әбен Нарымбаев